Қостанайда 8 мектепте егу пункті ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда 8 мектепте егу пункті ашылды

11.08.2021

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде карантин мерзімі ұзартылды. Жалпы өңірде науқастар саны соңғы екі күнде бірден 50 пайызға артқан. Ал, Қостанайда 8 мектепте ковидқа қарсы вакциналау пункті ашылды.Сондай-ақ, осы астықты аймақта демалыс және мереке күндері қоғамдық көліктердің жүруіне рұқсат берілді. Өңірлердегі эпидахуалды әріптесім Жандос Темірғали шолып шықсын.

Атырау індет құрсауында қалды. Қатерлі инфекция жылдам тарап жатыр. Карантин қайта қатаңдатылды. Ауру жұқтыру көрсеткіші бойынша соңғы тәуліктерде антирекорд орнады. Екі күнде 1242 адам вирус жұқтырып, инфекциялық стационарларда жатқандар саны 1 700-ден асты. 83 науқастың жағдайы ауыр. Жансақтау бөліміндегі орындардың 73 пайызы толған.

Руслан Қайыржан, модульдік аурухананың эпидемиологы: 
Күнде жазылып шыққандардың орнына қайтадан ауруына ем іздеп түсіп жатыр. Олардың арасында негізгі ауруы ауыр халде өтіп жатқандар жүкті әйелдер.

Індет дендеген мұнайлы өңірге Спутник V вакцинасының 19 мың дозасы жеткізілді. Дәрілік препарат 41 егу пунктіне таратылады. Өңірде 156 мың тұрғын екпе алып үлгерді.

Ал, Қостанайдағы 8 мектепте ковидқа қарсы вакциналау пункті ашылды. Білім ордалары қаланың әр аудандарында орналасқан. Бұл шара тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында жүзеге асып отыр. Облыс бойынша вакцинаның бірінші компонентін – 266 мың адам, екінші компонентін – 203 мыңнан астам адам алған.

Ақтауда қоғамдық көліктерге біртіндеп «Ashyq» қосымшасы енгізіліп жатыр. Сондай-ақ бұдан былай аймақта шектеу шараларының орындалуы қатаң қадағаланбақ.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу