ҚР АҚДМ сараптама алаңында қазіргі жастардың өзекті мәселелері мен қажеттіліктері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР АҚДМ сараптама алаңында қазіргі жастардың өзекті мәселелері мен қажеттіліктері талқыланды

12.08.2021
ҚР АҚДМ сараптама алаңында қазіргі жастардың өзекті мәселелері мен қажеттіліктері талқыланды

2021 жылғы 12 тамызда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Халықаралық жастар күніне орай «Қазіргі жастар: проблемалар, қажеттіліктер, үрдістер» тақырыбында «Jastar: ózekti másele» сараптама алаңының кезекті отырысын өткізді. Іс-шара ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Пікірталасқа мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар, сарапшылар қатысты.

ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.Байманов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М. Ахметов мемлекетіміз жастардың ағымдағы проблемаларын назардан тыс қалдырмайтынын және оларды шешу бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Кездесу барысында «Жастар» ҒЗО директоры А.Сакошев Мемлекет басшысына жыл сайын енгізілетін «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының негізі болатын 2021 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ұсынды.

Сарапшылар маңызды мәселелерді көтеріп, оларды шешу үшін нақты ұсыныстар берді. Оның ішінде, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі Ж.Ысқақова жастардың құндылықтары туралы баяндама жасады, саяси кеңесші Д. Айкенова қазіргі жас ұрпақтың мінез-құлқының заңдылықтары туралы айтты, «Жас Отан» төрағасының орынбасары А. Бүркіталин өз сөзінде жастарды жұмыспен қамту мәселелерін талқылады, ал «Жас Ұлан» РҚБ төрайымы Д.Садуақасова өз баяндамасын жастар арасындағы буллинг пен лудоманияның өзекті мәселелеріне арнады.

«Jastar: ózekti másele» сараптама алаңының кезекті отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, сарапшылар және басқа да қатысушылар жариялаған ұсынымдар тізімі жасалды. Іс - шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, онлайн және офлайн форматта өтті.



Хабарламаларға жазылу