Жамбыл облысы Жуалы ауданында баланы ұрған тәрбиеші қайта қызметке алынды. Бұған дейін қызметкерді балабақша басшылығы арнайы бұйрықпен шығарып жіберген. Алайда бөбекжай меңгерушісі еңбек демалысына кетісімен оның уақытша міндетін атқарушы тәрбиешіні қайта жұмысқа алған. Істің мән-жайын тілшіміз Сәбит Әлдебай білді.
140 бала баратын бөбекжай басшысы 5 жасар баланы ұрғаны үшін тәрбиешіні осыдан екі ай бұрын қызметінен қуған. Бірақ артынша меңгеруші еңбек демалысына кетісімен оның орнына уақытша отырған басшы қуылған қызметкерді қайта жұмысқа алған. Шақпақтық тұрғындар осыған наразы.
Ал, болған оқиға бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Мына көріністе талай жылдан бері тәрбиеші қызметіндегі Шамама Садықованың балдырғанды шапалақпен салып жібергені анық түскен. Бірақ, директордың міндетін атқарушы мұндай жағдай болмағандай сыңай танытты.
Жанар Мейірманова, Шақпақата бөбекжайы меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы:
Білім бөлімінің басқармасына міндетін атқарып жатқан Салтанат Қаубаева деген әпкемізге жолығып, сомен қайта қарастырылып, қайта жұмысқа келіп отыр. Сол баяғы өзіміз жұмыс істеп жатырмыз. Балалармен де, ата-анамен де қарым-қатынасы жақсы.
Қазір облыстық білім басқармасы мен білім саласының сапасын қамтамасыз ету департаментінен құрылған комиссия істі бастан-аяқ тексеруде. Алдын ала мәлімет бойынша балабақшаның бұрыңғы басшысының қызметкерді жұмыстан шығару туралы қаулысы да қайта қаралуы мүмкін. Оның мән-жайы келер апта тексеру қорытындысынан соң белгілі болады.
Сәбит Әлдебай