«Дельта» штамы әлемнің 142 елінде анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дельта» штамы әлемнің 142 елінде анықталды

13.08.2021

Коронавирустың басқа түрлеріне қарағанда «Дельта»  штамын қайта жұқтыру қаупі жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай қорытынды жасап отыр. Ал, Испания бұл инфекцияға қарсы алғашқы вакцинасын адамдарға сынай бастады. Ресейге тоқталсақ, онда соңғы тәулікте тағы 815 адам ковидтен қаза болса, Иранда мұндай науқастардың саны бір күнде 42 мыңнан асып кетті. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Коронавирустың мутацияға ұшыраған өзге түрлеріне қарағанда «Дельта» штамын қайта жұқтыру қаупі жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдары зерттеуден кейін осындай тұжырымдама жасап отыр. Бұған қоса, "Дельта" аса жылдам тарап, вакцина салдырған адамнан иммундалмағандарға оңай жұғады.

Соңғы мәліметтерге сай, коронавирустың бұл нұсқасы әлемнің 142 елінен табылған. Сондықтан, жыл соңына таман коронавирусқа шалдыққандар тағы 100 миллионға көбеюі мүмкін.

Ал, Ресейде соңғы 24 сағатта 815 адам ковидтен қаза болды. Құрбандардың көбі - вакцина салдырмағандар. Дегенмен, Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің сөзінше, ел астанасында коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскендердің саны соңғы алты аптада 50 пайызға азайған. Сондықтан, мегаполистегі барлық кәсіпорындарға енді штаттың 30 пайызы қашықтықтан жұмыс істесін деген талап қойылмайтын болды. Жалпы алғанда, Федерация аумағында соңғы тәулікте 22 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып отыр.

Александр, Мәскеу тұрғыны:
Жоқ, бақылау болуы керек. Меніңше, қадағалау қажет. Қатаң шаралар кері нәтиже беруі де мүмкін. Бірақ, енгізіліген шектеулерге сәйкес жұмыс істеуге тиіспіз.

Иранда соңғы бір тәулікте коронавирусты 42 мың 541 адам жұқтырған. Елде індетке шалдыққандардың жалпы саны 4 миллион 300 мыңға жуықтады. Жағдайды «Дельта» штамы ушықтырып отыр. Ислам Республикасының рухани жетекшісі Аятолла Хаменей қаңтарда америкалық және британиялық вакциналарды импорттауға тыйым салған еді. Енді ол үкіметке екпелерді әкелуге және отандық вакциналарды шығару үшін көбірек күш салуға үндеп отыр.

Аятолла Хаменей, Иранның рухани жетекшісі:
Коронавирус ең өзекті проблемаға айналды. Бұл мәселені шұғыл түрде шешу қажет. Қалай болса да халық вакцинамен қамтамасыз етілуге тиіс. Миллиондаған екпе қажет.

Ал, Испанияда коронавирусқа қарсы алғашқы препаратты адамдарға сынауға рұқсат етілді. PHH-1V вакцинасын жергілікті Хипра компаниясы жасап шығарған. Кәсіпорын өкілдері 2023 жылға дейін жаңа екпенің 1 млн 200 мың дозасын шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Бір айта кетері - бұл вакцина бұрын-соңды коронавируспен ауырмаған және өзге екпе түрлерін алмаған адамдарға сыналады. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу