Жаңа әліппеде алфавит өзгеріссіз қалғанымен, әріптерді үйрену реттілігі ауысқан. Әрі оқу бағдарламасы бірнеше кезеңге бөлінген.
«Әліппеге» дейінгі кезеңде балалар суреттермен жұмыс істеп, «Әліппе» кезеңінде әріптер мен буындарды, сөз, сөйлем құрауды үйренеді. «Әліппеден» кейінгі кезеңде яғни ІІ жартыжылдықтан бастап оқулық «ана тіліне» ауысады. Әліппенің тағы қандай ерекшілігі бар? Тілші материалы.
Айсәуле бастауыш сынып мұғалімі әрі биыл тұңғышын 1 сыныпқа апарады. Әліппенің мектеп бағдарламасына қайта қосылғанына қуанғанымен, тек мұқабасын өзгертіп қоймай, ішкі мазмұны да бұрынғы әліппеге сай болса деп алаңдайды.
Айсәуле Момбек, ата-ана:Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделіп әзірленген әліппенің оқу бағдарламасына қайта енуі – бұл үлкен қуаныш. Өйткені Әліппенің орны ерекше екені баршамызға белгілі. Балаларымыз Әліппемен сауатын ашады. Жаңа Әліппе балаларымыздың қазақ тілін қалыптастыруына шынайы жанашырлықпен келеді деген сенімдемін.
Балалар әліппемен оқиды деге хабар кең тарағанымен оқушылар әлі оқулықты қолға алған жоқ. Себебі ведомство басшысы кітапты 1 қыркүйекте табыстауды тапсырған. Яғни әліппемен танысу, әліппемен қоштасу дәстүрлері де оқулықпен бірге қайта енеді.
Ақниет Балтанова, тілші:Бүгін біздің қолымызға 2021 жылы Атамұра баспасынан жарық көрген Әліппе түсті. Біз оны 2012 жылы шыққан ескі әліппемен салыстырып көрдік. Айырмашылық дизайнында, қағазында да бар. Ал ең үлкен ерекшелігі «А» әріпінен кейін «Р» әріпі орналасқан. Яғни Ахмет Бұйтұрсынұлының әдістемесі негізінде бала ең алдымен «ар» сөзін білуі керек екен.
Әліппенің жаңалығы мұнымен біткен жоқ. Технологияның жетістігі мұнда да енгізілген.Яғни балалар QR кодты сканерлеу арқылы аудиожазбалар тыңдайды.
Тапсырмалар да бұрынғыдай жалпылама берілмейді. Әр үй тапсырмасы баланың логикалық қабілетін дамытуға бағытталған және арнайы дискте сақталған. Әрі сауат ашуға қарағанда оқулықтың мақсат, міндеті де азайыпты.
Елдос Нұрланов, ҚР БҒМ республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры:Сауат ашуды қолдану үстінде байқалған бір мәселе –бұл оқу пәнінің міндеттерінің көптігі. Баспалар оқулықты әзірлеуге кіріспес бұрын оқу бағдарламасы жасалған болатын. Ол бағдарламада аталмыш пәннің міндеттері 3 есе азайды.
5 жекеменшік баспахана Әліппе оқулығын дайындап, өз нұсқасын ұсынған. Комиссия ең үздігін таңдап, бекітіпті. Оқулық қараша мен сәуір айларының аралығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 65 мектепте сынақтан өткізілді. Осылайша 2021 жылы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жарық көріп отырған «Әліппе» ұлттық құндылығымызды насихаттайтын символға айналады деп баға берді мамандар.
Ақниет Балтанова