Алматыда карантиндік шектеулер тағы бір аптаға созылды. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті айтты. Қазір бізбен тікелей байланысқа әріптесім Қуан Нұрақын шығып тұр.
Иә, бірер минут бұрын жаңа қаулыға қол қойылғаны белгілі болды. Яғни, ертеңнен бастап қалада локдаун жалғасады. Тәртіп бұрынғыдай қала бермек. Яғни, Ashyq жобасына қосылған нысандар ғана жұмыс істей алады. Оның өзінде тек кешкі сағат 8-ге дейін ғана рұқсат етіліп отыр. Ал, Ashyq бағдарламасына тіркелмеген кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылмақ. Бұл тізімге мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау ұйымдары, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар кірмейді. Бүгіннен бастап қала емханаларына Қытайдың Vero Cell вакцинасының 10 мың дозасы жеткізілгенін айта кетейін. Осы аптада қосымша тағы 35 мың доза келуі мүмкін. Бұл екпені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл мамыр айында мақұлдаған. Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері шектеу шараларының жеңілдеуі қала тұрғындарының вакцина алуына байланысты дейді.
Жандарбек Бекшин, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:Біз шектеу шараларын алып тастау үшін қала тұрғындарының 70-80%-ы вакцина алуы керек. Қазір қала бойынша әлі де болса ұжымдық иммунитет қалыптаспады. Мегаполис «қызыл аймақта». Екпе алғандардың саны осы межеге жетсе ғана біртіндеп шектеуді жеңілдететін боламыз.
йта кетсем, қазір Алматыда 6 300 адам стационарларда ем қабылдап жатыр. Олардың 246 бала. Соңғы тәулікте қалада 1500-ден аса адам вирус жұқтырды. 434 науқас жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысып жатыр. Амбулаториялық бақылауда 13 000 тұрғын бар. Бір күнде 5000 алматылық вакцина салдырды. Ал мегаполис бойынша екпе алғандардың саны 811 мыңнан асты.
Қуан Нұрақын