ШҚО-да бірнеше ауыл тұрғындары түгелдей екпе алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да бірнеше ауыл тұрғындары түгелдей екпе алған

16.08.2021

Шығыс Қазақстандағы Абай ауданының тұрғындары короновирусқа қарсы екпе алуда өте белсенді. Тіпті індетке қарсы вакцинаны кейбір ауылдың тұрғындары түгелдей алып біткен. Қыркүйекке дейін мамандар вакциналауды толық аяқтамақ.
Медеу ауылының тұрғыны Мейрамгүл Искакова қант диабеті дертіне шалдыққан. Коронавирус өршіп тұрған шақта ауруға ауыру қосып аламын ба деп қауіптенгенін айтады. Сондықтан, дәрігерлердің кеңесімен алғашқылардың бірі болып вирусқа қарсы екпе салдырған.
Мейрамгүл Искакова, Медеу ауылының тұрғыны:
Ауылымыз ұйымшылдықпен бәрі алды. Ешқандай қарсы келген жоқпыз. Екеуін де алдық.
Жалпы Медеу ауылының халқы қауіпті індетке қарсы түгелдей екпе алған. Мамандар елді мекен тұрғындары тегіс қамтылды деп отыр.
Жұмақыз Қылышбаева, Медеу ауылының тұрғыны:
Бұрын да алдық қой енді екпені. Егілу керек. Енді бұрынғы қалыпты өмірімізге келу үшін.
Егін ору мен шөп шабу науқаны кезінде шаруаларға қолайлы болуы үшін дәрігерлер жылжымалы егу пункттерін ұйымдастырған. Шалғайдағы орналасқан шаруашылықтардың жұмысшыларын аудан әкімшілігі емханаларға тегін тасымалдауды қолға алуда.
Бақытжан Қалбабаев, аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
Аудан бойынша 10 елді мекен бар. Соның ішінде екеуі толық алып болды. Тоқтамыс, Медеу деген ауылдар. Содан кейін Қасқабұлақ, Архат сияқты ауылдар таяп қалдық.
Жалпы Абай ауданында 11 мың 800 ден астам тұрғын егілуі тиіс. Қазір солардың 70 пайызы екпе алған. Осы айдың соңына дейін дәрігерлер індетке қарсы вакциналауды толықтай аяқтаймыз-деп отыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу