Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік қауымдастықтан коронавирустың қауіпті түрлерімен, әсіресе Дельта штамымен күреске 7 млрд 700 млн доллар сұрап отыр. Қаражаттың бір бөлігі, дәлірек айтсақ, 2 млн 400 мың доллар тұрғындары төмен және орта табыс табатын елдерде ковид тестін өткізуді жақсартуға бағытталады. Қалған сома медицина қызметкерлеріне қорғаныс құралдарын сатып алуға, сонымен бірге коронавирустың ауыр түріне шалдыққандарды емдеу үшін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз етуге қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір әлемде коронавирустың альфа, бета, гамма және дельта нұсқалары тарап жатыр. Дегенмен, бұлардан да қауіпті түрлердің пайда болуын жоққа шығаруға болмайтындығы ескертілді.
Ал, Иранда соңғы 24 сағатта қауіпті індеттен 655 адам қаза тапты. Бұл елде дельта штамы өршіп барады. Осыған орай, мұнда қатаң шектеу шаралары енгізіле бастады. Тамыздың 21-не дейін елде кеңселер мен бизнес нысандары жұмыс істемейді. Бұған қоса, қалааралық саяхаттарға мейілінше тыйым салынды. Денсаулық сақтау саласының өкілдері тұрғындар сақтық шараларын ұстанбаса, алдағы апталарда ковид жұқтырғандардың тәуліктік саны 800-ге жетуі мүмкін екенін ескертті. Ирандағы және шетелдегі әлеуметтік желі қолданушылары ел үкіметін вакцина салу науқанын баяу жүргізгені үшін айыптап отыр. "Рейтер" агенттігінің мәліметінше, 83 миллион ирандықтың небәрі 4 пайызы толықтай иммуналдған. Ал, билік болса, шетел вакциналарын сатып алуға және оларды уақтылы елге жеткізуге АҚШ санкциялары кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеді.
Торкаман, Тегеран тұрғыны:Елде болып жатқан жағдайдың 90 пайызына үкімет кінәлі. Егер билік маңызды шешімдер қабылдап, олардың орындалуын қатаң қадағалағанда, адамдар денсаулық протоколын 100 пайыз бұлтармай ұстанар еді.
Италияда 12-18 жас аралығындағы балаларды коронавирусқа қарсы иммундау басталды. Бұл үшін Римдегі вакциналау орталықтарында ашық есік күні жарияланған. Жоғарыда аталған жастағы кез-келген бала ата-анасымен келіп, екпе алуға құқылы. Соңғы мәліметтерге сай, 19 жасқа толмаған 4,6 млн италиялықтың 40 пайыздайы ковидке қарсы вакцинаның 1 дозасын алса, 23 пайызы толық иммундалған.
Арай Төлегенқызы