Семейдегі «Атом көлі» қараусыз жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі «Атом көлі» қараусыз жатыр

17.08.2021

Семей сынақ полигоны кезінде пайда болған «Атом көлі» қараусыз жатыр. 1965 жылы өндірістік мақсатта деген желеумен жасалған қуатты жарылыстың нәтижесінде Шаған өзенінің бойында жасанды көл пайда болған. Ғалымдар онда түрлі тәжірибелер жүргізіп, жарылыс болған жер мен суды зерттеген. Полигон жабылғаннан кейін уланған қауіпті аймақ сол күйі ашық-шашық қалып қойған. Әріптесім Ержан Жақып «Атом көліне» арнайы барды.

Ержан Жақып, тілші:
Қазір біз жарылыс болған жерден шамамен 1 шақырым қашықта тұрмыз. Сыналған бомбаның қуаттылығы соншалықты, бүтіндей бір тауды радиусы 1-2 шақырымға дейін осылай күл қылып шашып тастаған.

Ғалымдардың айтуынша, қазір жарылыс болған аумақта кобальт-60, цезий-137, европий-152,154 сынды ауыр радиоактивті изотоптар таралған. Бұл адам ағзасына да, жан-жануарлар үшін де өте қауіпті.

Ержан Жақып тілші:
Сынақтың нәтижесіде пайда болған атом көлі дегеніміз міне осы. Бұрын бұл жерде үлкен тау болған. Жарылыстан кейін ойық пайда болып, іші суға толған. Қазір радиацияға уланған бұл жер ашық-шашық жатыр.

Қараусыз жатқандықтан «Атом көлі» аумағына кез-келген адам емін-еркін кіріп жүре береді. Тіпті жергілікті халық үнемі балық аулап, демалатын орынға айналдырған. Мұнда қармақ салып жүргеніме 4-5 жылдан асты дейді, жергілікті балықшы.

Валерий Петров, балықшы
70 жыл бойы жарды ғой. Барлық жер уланған. Мына жер қауіпті деген бос сөз. Балығы дәмді бұл көлдің. Ауыру боласың деген өтірік-деп ойлаймын. Кешке жақын мұнда адам көп келгенде тұратын орын таппай қаласың.

Көпшіліктің айтуынша, ауланған балық тіпті еш бөгетсіз сатылып та жатқан көрінеді. Ал сынақ полигоны аумағын жылдар бойы зерттеп жүрген Ұлттық ядролық орталық ғалымдары көл мен оның маңы түгел уланған деп отыр.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының директоры: 
Қазіргі кезде көлдің аумағы қараусыз жатқандығы үлкен қателік. Ол жер шынымен зиянды. Жарылыстан пайда болған үйінділердің барлығында радиация бар. «Атом көлі» бізге қарайтын территория емес. Ұлттық ядролық орталық сондықтан ол жерге шектеулер қоя алмайды.

Анықталғандай «Атом көлі» тек қана Ұлттық ядролық орталықтың ғана емес, ешбір аудан, қаланың әкімшілік аумағына да жатпайтын болып шықты. Кезінде сынақ полигонының жері деп саналып, кейін бос қалған. Енді ғалымдар бұл төңіректі заңдастырып, уланған аймаққа кіруге қатаң тыйым салу керек деп отыр.

Ержан Жақып 

Хабарламаларға жазылу