Аймақтарға қытайлық вакцина жеткізіліп жатыр. Індет дендеп тұрған Атырау облысына Vero Cell вакцинасының 10 мың дозасы әкелінді. Дәрілік препарат бүгіннен бастап тұрғындарға егіуде. Аталған вакцинаның 40 мың дозасы Шымкентке де апарылды. Әлемнің 45 елі қолданып отырған вакцина қазір емдеу мекемелеріне таратылып жатыр.
Павлодар облысында вакцина тиімділігін насихаттайтын арнайы штаб құрылды. Оған кез-келген адам мүше бола алады. Қазір аймақ екпе салдырушылар саны бойынша Республикада 6-шы орында тұр. Өңірде ауру жұқтырғандар саны артып келеді. Соңғы тәулікте 323 адамнан коронавирус анықталды. Кеше аймаққа қытайлық «Vero Cell» вакцинасының 45 мың дозасы жеткізілді. Кеселге қарсы бұл препараттың тиімділігі 79 пайызға дейін жететін көрінеді. Екпе облыстағы 30 емханаға таратылды
Гүлбақыт Құрманғалиева, дәрігер:
Кейбірінде температура көтеріліп, әлсіздік болып жатады. Буын аурулары болып жатады. Бұл вакцинаның жиі кездесетін реакцияларының бірі.
Жамбыл облысына да жаңа екпенің алғашқы легі келіп жетті. Қытайдың Синофарм компаниясы өндірген антивирус аурудың бірнеше штампына төтеп беруге қауқарлы. Қазір жаңа вакцинаның 20 мың дозасы өңірдегі барлық емханаларға таратылған. Қазір тұрғындар ерікті түрде вакцина алуда. Жалпы аймақта екпе алғандардың саны үш жыз мыңнан асты. Бұл- екпе алады деп жоспарланған тұрғындардың 50 пайызынан астамы.
Маңғыстау облысында коронавирустық инфекцияға қарсы егілуге тиісті 351 мың адам бар. Бүгінде соның 127 мыңнан астамы ғана вакцинаның бірінші компонентін алды. Бұл 36,2 пайызды құрап отыр. Аймақта тұрғындарды вакциналау көрсеткіші төмен. Салдарынан науқастар саны да көп. Соңғы тәулікте 200 адамнан қауіпті індет анықталды. 15 науқас көз жұмды.
Жандос Темірғали