Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дамыған мемлекеттерді пандемияны көпке созып алмау үшін вакцинаның үшін дозасын салудан уақытша бас тартуға шақырды. Ал, АҚШ-та оқушылар маска тағуға міндеттеліп жатса, Германияда коронавирус қайта өршіп бара жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде коронавирусқа қарсы вакцинаны тең бөлмеу ауыр зардап әкелетінін ескертті. Осы халықаралық агенттік басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың мәлімдеуінше, табысы төмен елдер өз тұрғындарының 2 пайызына ғана екпе салған. Айта кетсек, бұған дейін ол вакцинаның үшінші дозасын салуға уақытша мараторий жариялады. Себебі, дамушы мемлекеттерде миллиардтаған адам ковидке қарсы иньекциясынң бір компонентін де алмаған.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының басшысы:Осынау алмағайып шақтан өту үшін біз ресурстар мен денсаулық құралдарын бөлісуді жақсартуға тиіспіз.Вакциналық әділетсіздік - бүкіл адамзаттың масқарасы. Егер біз бұл мәселені бірге шешпесек, бірнеше айда аяқталуы тиіс пандемияны жылдарға созуымыз мүмкін.
Ал, АҚШ-тың Флорида штатының Майами қаласында 360 мыңдай оқушы мен мектеп қызметкерінің көбін маска тауға міндеттеу туралы шешім қабылданды. Себебі, елдің оңтүстігіндегі 10 штатта коронавирустың «дельта» штамы өршіп барады. Соңғы мәліметке қарағанда, сейсенбі күні АҚШ-та осы инфекциядан 1000-нан астам адам қайтыс болды. Бұл – наурыздан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Айта кетсек, Американың түскейіндегі өзге қалаларда да ондаған мың оқушы сабаққа маскамен баруы тиіс деген бұйрық жарияланған.
Джим Риггс, мектеп директоры:Пандемия әлі де бізбен бірге және де бұл өте қиын жағдай. Басты міндетіміз - оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін ойлау. COVID протоколдары, маска тағу, әлеуметтік алшақтық және басқа да тәжірибелерді ұмытпасақ, мектептегі балалар мен штаттың аурудан қорғайды деп ойлаймыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өтінішіне қарамастан, АҚШ-та вакцинаның үшінші дозасын салу науқанын қыркүйектің 20-да бастау жоспарланып отыр. Мұны Құрама Штаттар үкіметі сәрсенбі күні хабарлады.
Германияда да коронавирус жұқтыру фактілері күрт көбейді. Өткен тәулікте «ковид» диагнозы қойылғандардың күндік саны мамырдың ортасынан бері алғаш рет 8 мыңнан асты. Германияда тамыздың 23-нен бастап қатаң денсаулық ережелері қабылдануы мүмкін. Оған сәйкес, тек вакциналанған, аурудан жазылған немесе тестте теріс нәтиже көрсеткендер ғана емханаларға, қарттар үйлеріне, фитнес -студияларға, бассейндерге, шаштараздарға, қонақүйлер мен мейрамханаларға және тағы басқа қоғамдық мекемелерге кіре алады.
Арыстан Рысбек