Ақтөбедегі көлік коллапсы. Бүгін облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдайтын екі кәсіпорынның бірінің жүргізушілері жаппай жұмысқа шықпай қалды. Олар жуырда ғана қолданысқа енгізілген электронды төлем жасау жүйесін алып тастауды талап етіп жатыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:Бүгін Ақтөбедегі қоғамдық көліктердің көбі жұмысқа шықпай қалды.Салдарынан мыңдаған тұрғын діттеген жерлеріне уақытылы жете алмады. Ал,мекеме басшылығы кінәлілерді іздеп жатыр. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар,жүзге жуық автобус қаңтарылып тұр.
Қаладағы аялдамаларда бүгін адам көп. Өйткені,автобус жоқ. Сондықтан тұрғындар амалсыз такси тоқтатуға мәжбүр. Олар болса, бағаны аспандатып жіберген. Ал, басқа кәсіпорынға тиесілі автобустарға адам лық толған. Яғни, санитарлық талаптарды ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Гүлмарал Қалиева, қала тұрғыны:Таксимен келдік.Таксилер көп ақша сұрайды.
Дариға Құдабаева, қала тұрғыны:Күткеніме бір сағат болды. Таксиге ақша жоқ. Өзім инвалидпін.
Ақтөбеде электронды төлем жүйесі 31-інші мамырда енгізілді. Сәйкесінше, жол ақысы да өсті. Автобус жүргізушілері бұрынғыдай күнделікті түсетін ақшаның бір бөлігін қалталарына баспай, шамамен екі жүз мың теңгеге дейін жалақы алатын болып шешілген. Мұнымен қызметкерлер келіспей,бірнеше рет әкімдік пен мекеме басшылығына талап қойды.
Жайық Қодаш, жолаушылар көлігі секторының бас маманы:Көпшілігінің қарыздары бар. Карточкалары жабылған сол себепті. Және алимент көп жылдан берітөлемеген, кредиттері бар. Сол себепті олардың есепшоттары мен түскен ақшаларының бәрін кредитке ұстап қалады. Сол себепті жүргізушілер наразылық білдіріп жатыр.
Бүгін мекемеге тиесілі 150-ден аса автобустың 80-і жүрген жоқ. Кәсіпорын басшылығы қазір жүргізушілер арасына іріткі салып, үлкен шығын келтірген кінәлілерді анықтап жатырмыз дейді.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, жүргізушілердің көбі әлі күнге дейін төлем карталарын алмаған. Оларға жалақы бұрынғыдай қолма қол берілмейтінін алға тартады. Ал,әкімдік өкілдері қазір жаңа тасымалдаушы мекеме іздеп, келіссөздер жүргізіп жатқандарын хабарлады.
Жақсыбек Кемал