Митинг өткізудің жаңа мәдениеті қалыптасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Митинг өткізудің жаңа мәдениеті қалыптасуда

20.08.2021

Алматыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қызметінің аясында «Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қолданысына шолу» талдамалы баяндамасы таныстырылды. Отандық сарапшылардың айтуынша, жаңа құжат бір жыл ішінде халықтың азаматтық белсенділігін күшейтті. Әрі озық саяси мәдениет қалыптастыруға игі әсерін тигізді. Жаңа заңда қандай оң өзгерістер бар? Қоғам үшін маңызы неде? Жазира Оразқызы толығырақ.

Жаңа заңның арқасында митингтер қазақстандықтардың қоғамдық өмірінде үйреншікті көрініске айналып келеді.

Мәселен, 2018-2019 жылдарды салыстырсақ, рұқсат етілген 5 және 30 ғана бейбіт жиналыс өткен. Ал 2020 жылдың маусымынан бастап 1 жылда олардың саны 500-ден асқан. Ең көбі /493/ Алматыда болған. Алып шаћарда 446 ереуіл, 44 митинг, 2 шеру мен 1 наразылық акциясы ұйымдастырылған.

Нәйля Әлмұхамедова, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі хатшылығының сарапшысы: 
Заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген болатын.  Ең басты ерекшелігі - егер де 1995 жылы қабылданған заңды қарайтын болсақ, бұрын тек рұқсат алу арқылы бейбіт жиналыс ұйымдастырылған болса, қазіргі уақытта тек жергілікті атқарушы органдарға арнайы хабарлама жіберу арқылы бейбіт жиындар өткізуге болады.

Жаңа құжатта бейбіт жиналыстардың барлық түріне ғылыми анықтама берілген. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың құқық-міндеттері айқындалды. Осылайша бір жыл ішінде заң ережелері барынша жеңілдеп, жиналыстарды өткізу тәртібі нақтыланды.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері: 
Бұл жерде ескерту ғана беріледі. Бес күн бұрын осындай күнде мына жерге шығамыз. Нақты қандай жерге шығуға болады олда заңда көрсетілуі керек. Өйткені, кез келген жерге шыға алмайсың. Мысалға бір әскери базаның қасына шыға алмайсың ғой. Алаңдар бар,арнайы жерлер бар оған шығуға болады.

Заңның күшіне енуі азаматтық қоғам мен пікір алуандығын дамытуға әсер етті. Яғни, жаңа құжат азаматтардың өз талап-тілектерін ашық айтып, ел дамуына ат салысуға серпін берді.

Айдос Сарым, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі: 
 Осыдан 2-3 жыл бұрын митинг дегенде бәрі үрейленіп, не болды деп қорқатын, қашатын жағдайда болса, бүгінгі таңда митинг саяси шараға айналды.  Соңғы кезде құрылысқа немесе экологиялық мәселелерге қатысты наразылық акциялары, шерулер, пикеттер, митингілер өтіп жатыр.

Шараға қатысқан сарапшылардың айтуынша, Президент бастамасының арқасында қоғамда митинг өткізудің жаңа мәдениеті қалыптасуда. Ал бүгінде Ұлттық кеңес қоғамдық-саяси және әлеуметтік бастамаларды әзірлеп қана қоймай, маңызды реформалардың табысты іске асуын қатаң бақылап келеді.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу