Президент Әлібек Дінішевті «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Әлібек Дінішевті «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады

23.08.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық әртісі Әлібек Дінішевті «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады. Мәдениет майталманын 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, өнерге сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Жарты ғасырға жуық атқарған қызметіне ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев,     Қазақстан Республикасының Президенті:
Мерейлі жас қой енді. Былай айтқанда. Әрбір адамның ғұмырындағы маңызды меже. Сондықтан шын жүректен құттықтаймын. Әрқашанда аман болыңыз. Өзіңіз қазақтың маңдайына біткен ең дарынды тұлғалардың бірісіз. Сондықтан біз бәріміз сізді мақтан тұтамыз. Сізді білмейтін адам жоқ. Қазақстан да болсын, бүкіл әлем де болсын. Бәрі сіздің өнеріңізді жақсы біледі. Жоғары бағалайды. Сондықтан бәріміз ризашылығымызды білдіреміз.

Әлібек Дінішев қазақ өнерінің дамуына әлі күнге дейін өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда жас өнерпаздарға сабақ беріп, ұстаздық қызметін жалғастырып жүр. Президент қабылдау соңында оның кәсіби және қоғамдық жұмысына табыс тіледі.

Әлібек Дінішев,  халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:
Мемлекет басшысына менің өнерімді жоғары бағалағаны үшін алғыс білдіремін. Мен халқым үшін ән шырқадым. Содан зор қуанышқа кенелдім. Менің концерттеріме келген көрермендер де қуаныш пен ләззат алған болар деген сенімдемін. Бұл жоғары мәртебе ең бірінші халықтың махаббаты деп білемін.


Хабарламаларға жазылу