Кабул әуежайында атыс болып, 1 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кабул әуежайында атыс болып, 1 адам қаза тапты

23.08.2021

Бүгін Кабул әуежайында атыс болып, қауіпсіздік күштерінің бір қызметкері қаза тапты. Сонымен қатар, белгісіз топ оқ жаудырғанда үш адам жараланған.

Айта кетсек, бір аптадан бері бұл жерге тәліптердің билігінен қашқан мыңдаған адам жиналды. Олар әлемнің өзге мемлекеттеріне кететін ұшақтарға қайтсе де мінуге асық.

Өткен жексенбіден бері әуежайдағы хаос пен атыстан және тәртіпсіздіктерден 20 адам мерт болды. «Талибан» болса, бұл эвакуациялық миссияның мерзімін тамыздың 31-нен кейін ұзартпайтынын ескертіп отыр.

Сонымен қатар, исламшыл топ бірер күн қарсыластарының қолына өткен үш ауданды қайтарғанын және өзіне бағынбай отырған жалғыз ғана провинция – Панджшерді қоршауға алғанын жариялады.

Бұрынғы «Солтүстік Альянстың» әйгілі лидері – марқұм Ахмад Шах Масудтың ұлы тәліптермен келіссөзге дайын екенін айтқанымен, олармен соғысуға да әзір екенін хабарлады.

 Ахмад Масуд, «Талибанға» қарсы күштердің лидері:
Мен өзімнің қасиетті жерімдемін, қорғаным - Панджшер алқабындамын. Панджшер халқы бірігіп, соғысқысы келеді және кез келген тоталитарлық режимге, сонымен қатар, бізге өз құндылықтарын қабылдатқысы келетін өзге нанымға да қарсы тұруды қалайды.

Бұрынғы бет-бейнесін өзгертіп, халыққа жағымды жағынан көрінуге тырысып отырған «Талибан» қазір жаңа үкімет құру мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Ал, соңғы күндері елде тыныштық орнай бастады. Дәрігерлер айтқандай, бейсенбіден бері атыс болмағандықтан, бірнеше қаланың ауруханаларына зардап шеккендер түспеген.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу