Сарыағаш ауданында 13 көпқабатты үй төрт жылдан бері бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш ауданында 13 көпқабатты үй төрт жылдан бері бос тұр

24.08.2021

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 5 млрд теңгеге салынған 13 көпқабатты үй қаңырап бос тұр. Баспана «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен 2017 жылы тұрғызылған. Алайда, қазір қалада кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен пәтерлер пайдалануға берілмеген. Ал, жылдар бойы баспана кезегінде тұрған отбасылар әлі күнге дейін пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

585 пәтерлі 13 үй төрт жылдан бері ешкімге берілмей келеді. Қазір бұл баспаналар шетінен ескіріп, ауласы қаңырап бос тұр. Ауданның тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары баспананың кем кетіктері болғандықтан қабылдамадық дейді. Оның үстіне кәріз жүйесі де тартылмапты.

Жаңа мөлтекауданда 36 пәтерлік жалғыз үй бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Бірақ мүгедектер мен көпбалалы аналарға және ардагерлерге үлестірілген баспана сапасыз салынған болып шықты. Екі ай бұрын сыртқы қаптауларын жел ұшырып әкеткен.
Гүлмира Оңалбаева,  Сарыағаш қаласының тұрғыны: 
Площадка жоқ. Балалар ойнай алмайды ана жерде. Осы жерде ойнайды цементте. Жол анау. Оны дұрыстап істемеген, асытының бәрі сынып кеткен. Астының бәрі тікенек.
Бүгінде жаңа үйдің қабырғалары қақырап, іші көгеріп кеткен. Себебі, пайдалануға берілген уақыттан бері жылуға қосылмаған. Ал, жөндеу жұмыстары со күйі жүргізілмеді,дейді ашынған халық.

Ал, үйге тапсырыс беріп, қабылдап алған құрылыс бөлімінің басшысы бұл жолы да уәде беруден әрі аса алмады. Әзірге кепілдік мерзімі өтпеген баспананың мердігеріне хат жазумен ғана шектеліп отырғанын жеткізді. Қазір ауданда үй кезегінде тұрғандардың саны 4800 адамға жуықтаған. Жауаптылар алдағы екі жылдың көлемінде жаңа пәтерлердің қолданысқа берілуі екіталай деп отыр.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу