Елорда іргесіндегі Қажымұқан ауылында оқушыларды мектепке тасымалдайтын көлік жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда іргесіндегі Қажымұқан ауылында оқушыларды мектепке тасымалдайтын көлік жоқ

25.08.2021

Оқушыларды мектепке тасымалдайтын көлік жоқ. Елорда іргесіндегі Қажымұқан ауылының тұрғындары Ертең жаңа оқу жылы басталғанда балаларымыз мектепке қалай барады деп уайымдайды. Жеке көлік жалдау қалтамызды әбден қаққан дейді. Алыстағы білім ошағына жеткіншектерді жалғыз жіберуге тағы қорқады. Ауылдағы ағайынның арызын тілшіміз Дарын Сағитов тыңдап қайтқан еді. осылай деп шағым айтып отыр.

Осылай деген Қажымұқандықтар тасымал мәселесінің әбден қажытқанын айтып қынжылады. Айтуларынша, ауыл шетіндегі бірқатар шағын ауданда бастауыш сыныптарға баратын 150-ге жуық оқушы тұрады. Көлік жалдау бірнеше баласы бар ата аналарға тіптен қиын.

Оразбек Кәкейұлы, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
Алдыңғы жылы 5 мың былтыр 6 мың, биыл 7 мыңға шықты. Менен жеті немере келеді мектепке. Екі метрге дейін қар түскенде балаларымызды мойнымызға көтеріп, әкеп жүрміз. Ал жазда жаңбырда көк батпақ. Балалар тағы келе алмайды. 

Оның үстіне биыл 1-сыныпқа баратын бүлдіршіндер жұрт «ескі мектеп» атап кеткен ғимаратта оқитын болыпты. Әртүрлі сыныптарда білім алатын балаларды екі білім ошағына тасымалдау жығылғанға жұдырық болды, - дейді жұрт.

Гүлжанат Жәдиева, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
1-класс оқитын баласын көне мектепке тасу керек те, 3 оқиытынын мына жаңа мектепке тасу керек. Мысалы осы маңда тұратын ата-ана болса, апалы-сіңіліліерді біріктіріп жіберуге болар еді. 

Жаңадан тағайындалған мектеп директоры тұрғындарға тұшымды жауап бермеген. Ауылдықтар болса Қажымұқанда әкім жоқ деп ашынады. Болса осы секілді қордаланған мәселелер біртіндеп шешілер еді дейді. Жұртты тыңдаған соң біз білім ошағының басшысымен тілдесіп көрмек болдық.

Бұл Қажымұқанда былтыр ашылған жаңа мектеп. Қыркүйектен бастап мұнда 2-сыныптан бастап оқушылар білім алады.

Дарын Сағитов, тілші:
Биыл 1-сыныптағылар оқиды деген білім ошағы осы. Жалпы Қажымұқанда 4-сыныпқа дейін 304 бала бар. Әне-міне дегенде жаңа оқу жылы да басталады. Көптен күткен дәстүрлі форматта балаларымыздың мектепке жетуі мұң болады деп отыр ата-аналар. 

Аудандық білім бөлімінің өкілдері оффлайн форматта оқитындар үшін «Бір сынып-бір кабинет» талабы сақталады деп отыр. Ескі мектепке 80 бала барады. Олар даярлық сыныптарымен бірге 6 кабинетте білім алады. Сондықтан бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Ал оқушыларды тасымалдау «Білім туралы» заңмен реттеледі дейді. Бұған қатысты Үкімет қаулысы да бар.

Майра Байболатова, Целиноград ауданы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:
Егер елді мекенде мектеп жоқ болатын болса, жақын жерлердегі мектептерге оқшыларды тегін тасымалдау деген. Және сол Қаулының 7-пунктінде ескертіп кеткен, баланың тұратын жері  үш шақырым алшақтықта орналасқан болса, онда тегін тасымалдау қарастырылған.  Ол жердегі ара қашықтық 2 км-ге жетпейді.

Демек, тұрғындардың өтініші орындала қоймасы анық. Балалар мектепке өздері келеді немесе көлік жалдаудан басқа амал жоқ. Айта кетерлігі, қазір ауданда 45 мектеп бар. Оның 9-да оқушыларды тасымалдау жолға қойылған.

 Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу