«Талибан» Ауғанстандағы бірнеше маңызды министрлік басшысы ретінде өзінің соғыс ардагерлерін тағайындады. «әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, бір кездері Гуантанамо түрмесінде тұтқында болған Мулла Абдул Қайым Закир қорғаныс министрі, Гүл Агха қаржы, ал Садр Ибрахим есімді тағы бір тұлға ішкі істер министрі лауазымын атқармақ. Әзірге, радикалдық қозғалыс тағайындауларды ресми түрде жариялаған жоқ.
Бұған қоса, бүгіннен бастап Кабулде тамыздың 15-нен бері жабық тұрған банктердің кейбіреуі жұмыс істей бастады. Дегенмен, олар клиенттеріне қолма-қол ақшаны шектеп беріп жатыр. Бір күнде әр тұрғын банктен тек 17 мың афгани немесе 200 доллар көлемінде ақша алуға құқылы.
Тағы бір айта кететін жайт, ауғандықтарға Кабул халықаралық әуежайына бармау туралы ескерту жасалды. Себебі, аэропортқа «Даиш» қарулы тобы шабуыл ұйымдастыруды жоспарлап отыр деген ақпарат бар. Бұл туралы АҚШ, Ұлыбритания және Австралия мәлімдеме жасады.
Өзге бір деректерге жүгінсек, шетел әскері кеткеннен кейін де Түркия Кабул әуежайын басқаруды жалғастыруы мүмкін. «Талибан» түрік үкіметінен авиациялық терминалға техникалық қолдау көрсетуді сұраған. Қазір бұл мәселе төңірегінде келіссөз жүріп жатыр.
Арай Төлегенқызы