Бурабайдағы Жекебатыр тауының шыңы отқа оранды. Өрт бүгін түскі сағат 13:00 шамасында басталды. Тілсіз жауды сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жұмысшылары жұмылдырылды. Өрт теңіз деңгейінен 826 метр биіктікте болғандықтан, оны тоқтату оңайға соққан жоқ. Алдымен тікұшақпен 40 текше метрден астам су төгілді. Құтқарушылар жерді қазу арқылы өрттің өршуіне жол бермеген. Тілсіз жау шамамен 3 сағатта ауыздықталды. Өрт аумағы 0,33 гектарды құраған. Қауіптілік деңгейі 4-ші санат деп бағаланған өрттен тау шыңындағы ағаштар жанды. Зардап шеккендер жоқ. Шығын көлемі анықталып жатыр.
Алексей Советов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
4 рет су төктік. Әрқайсысы 10-12 текше метрден. Өрт 15:55-терде оқшауланды. Ешқандай техника бара алмайды ғой. Сондықтан қол қондырғылары арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта сөндіру шаралары жалғасуда. 2 күн кезекшілік болады. Өрттің шығу себебін арнайы комиссия анықтайды. Дегенмен 90 пайыздық сеніммен бұл адамдардың немқұрайлығының нәтижесі деп айтуға болады.
Ермек ЕЛБЕРГЕН