Түркістан облысында 4 ауылдың халқы жайылымдық жерлерді қайтаруды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 4 ауылдың халқы жайылымдық жерлерді қайтаруды талап етті

26.08.2021

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына қайтарылсын! Қасқасу ауылдық округіне қарасты төрт елдімекеннің халқы бүгін жиналып, билікке осындай талап қойды. Төрт түлігін қайда жаярын білмей қалған жұрттың базынасын әріптесім Айнұр Ақбаева тыңда қайтты.

 Жоғары Қасқасу ауылында тұратын Әуезбаевтар отбасы бүгінде бір үйір жылқысын қамап ұстауға мәжбүр. Ауыл іргесіндегі жайылым жерлер демалыс орындарына айналып кетіп, мал жаятын жер қалмаған. Ал, қорадағы төрт түлігіне жыл он екі ай жем-шөп тауып беру қарапайым шаруаға оңай соқпай отыр.

Есенбек Әуезбаев, Қасқасу ауылының тұрғыны: 
Жем қымбаттап кетті. 140-150 теңгеден бидай. 1500 теңгеден шөп боп кетті қазір. сол енді жағдайымыз өте нашарлайтын түрі бар. Жайылым болса жылда жіберуші ек.

Халықтың айтуынша, жайылым жерлер жылдан жылға азайып барады. Ал, жерге иелік қылғандар тіпті өзен жағалауларына дейін қоршап тастап, мал суарудың өзі мұңға айналған.

Ерлан Бексейітов, Қасқасу ауылының тұрғыны: 
Жоғарғы Қасқасу елді мекенінің жоғары жағынан мынау сияқты 20 соттық жерді заңды алады да қалғанының бәрі міне гектарлап қоршайды. Шарбақпен қоршап тастаған. Халықтың жайылымы мынау. Ешқандай әкімшілік тарапынан бұл жерге күші жетпейді екен. Неге ? Өйткені бұл жерді үлкен дөкейлер алған.

Қасқасу ауылдық округіндегі төрт елдімекеннің тұрғындары бүгін ауыл орталығына жиналып, биліктен жайылымдарды қайтаруды талап етті. Себебі, мыңнан аса гектар жердің 800 гектары бүгінде өндірістік кооперативтер мен жекеменшік кәсіпкерлерге беріліп кеткен. Ал, ауылдағы ағайын қораадағы малын сатудан басқа амал қалмағанын айтады.

.Жергілікті атқамінерлер болса, Қасқасуға қарасты жайылым жерлердің әлі бірде-бір гектары халыққа қайтарылмағанын мойындап отыр. Себебі, кәсіпкерлер кезінде иемденіп алған жерлерді оңайлықпен қайтарғысы жоқ.

Бақберген Құралбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: 
Қасқасу ауылдық округінен не қайтарылған жоқ. Соттасып жатырмыз заңды. Негізінде СТК-лар жайылымды алғаннан кейін беру әзірге мүмкіншіліктері болмай жатыр. Сол себептен соттасып жатырмыз.

Аудан басшыларының айтуынша, Төлеби ауданы бойынша 184 нысан жерлерді жайылымға деп алып, бастапқы мақсатын өзгертіп жіберген. Көпшілігі демалыс орындарын ашып, қоршап тастаған. Қазір бұл жерлердің барлығы бойынша тексеру шаралары жүргізілуде.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу