Жамбыл облысындағы жарылыстың себебі әлі белгісіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы жарылыстың себебі әлі белгісіз

29.08.2021

Жұма күні Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы кейбір оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын әскери қойма жарылған Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.

Бұл жолғы жарылыстың себебі әлі белгісіз. Министр Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, не болмаса химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деген болжамдар айтты.

«Азаттық» тілшісінің отставкаға кету туралы сұрағына министр Ермекбаев қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеп, бірақ түпкілікті шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтынын айтқан. Алдымен Жазира Оразқызының репортажы.

Тура 2 жылдан соң... Арыстағы апатты ұмыта бастаған жұртты Жамбылдағы жарылыс есеңгіретіп тастады. Бейсенбінің кеші болатын. Еш алаңсыз отырған елді дүмпулер дүр сілкіндірді. Ең әуелі әскери бөлімнің оқ-дәрі базасынан өрт шыққан. Іле-шала қызыл жалынның соңы жойқын жарылысқа ұласты.

Мейрамбай Қасымов, Үшбұлақ станциясының тұрғыны: 
Бірінші мәрте болып отыр мұндай оқиға. Өзіміз әбден шошынып қалдық. Сол айтайын дегенім. Мұндай болған емес. Ел әбден қорқып қалды.

Кешкі сағат тоғыз. Автожолдың толық жабылуымен қоса теміржол пойыздарының жүрісіне де шектеу қойылды. Жағдайды жіті бақылауда ұстау үшін 300 полицей мен Ұлттық ұланның 520 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Байзақ ауылында жедел штаб құрылды.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі: 
12-ға жуық техника тартылды, оған қосымша отыздан астам жедел жәрдем көліктері жұмыс жасады.

Сағат ондар шамасында жарылыс жиілей түсті. Қоймаға жақын орналасқан Үшбұлақ, Қайнар, Базарбай, Жібек жолы ауылының тұрғындары түнгі сағат 1-ге дейін эвкуацияланды. Тараздағы колледж бен мектептерде төсек орындар дайындалып, жұрт қауіпсіз жерге жайғасты. Солардың бірі – 4 балалы ана Айдана.

Айдана Әбдірайова, Сарыкемер ауылының тұрғыны: 
Терезеден қып-қызыл шоқ сияқты зат бүйтіп өткендей болды да, терезе тасыр-тұсыр етіп бір ашылып-жабылды. 

 Бұл отбасы қазір политехникалық колледжді паналай тұруға мәжбүр. Себебі, бұл жатын орыннан басқа жанұяның барар жері жоқ. Қорқынышты сәтті балалар да әлі күнге ұмыта алар емес. Жарылыстарды өз көзімен көрген олар қатты шошып қалған.

Жойқын жарылыстың кесірінен 100-ге жуық адам түрлі дене жарақатын алған. Шұғыл жеткен жедел жәрдем оларды жақын маңдағы ауруханаларға апарды.

Мырзағали Мадимаров, Байзақ аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: 
Ауданымыздағы бар дәрігерлерді жұмылдырып, бірінші көмек көрсеттік.

Апат аймағыннан соңғы дүмпу түнгі сағат 2-лер шамасында естілді. Әскери бөлімдегі өрттің өрши түсуін мамандар онда сақталып келген тротилдің отқа орануымен байланыстырды.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі: 
Барлығы он үлкен жарылыс болды. Ондағы оқ дәрілердің көлемі Арыс қаласындағы қоймадан 7 есе аз. Снарядтардың ұшу қашықтығы 3 шақырымға дейін созылуы мүмкін еді. Сондықтан жақын маңдағы тұрғындарды тез арада көшіруге кірістік.

 Жарылыс болған әскери бөлімнің маңында үш елдімекен бар. Ең жақыны Жібек жолы ауылы 3,5 шақырымда орналасқан. Сондай-ақ оқ-дәрі базасы мен Үшбұлақ, Сарыкемер ауылдарының ара қашықтығы жап-жақын.

Ерғали Төлегенов, Үшбұлақ станциясының тұрғыны: 
 Кешегі сұмдық жағдай болып жатқан жерден біздің ауыл 4-5 шақырым арақашықтықта. Бірақ соның өзі біраз зардап келтірді. Қаншама үйлер жарылыс берді, кейбір үйлердің төбесі түсіп жатыр ортасына.

Жойқын жарылыстан соң жан-жақты паналаған жамбылдықтар ертесіне-ақ шаңырақтарына орала бастады.

Десе де, қонысына асыға жеткен Қалдыбай Оразымбетовтың қуанышы мына көріністі көрген бетте-ақ су сепкендей басылыпты. Үйінің астан-кестеңі шығып жатыр. Жойқын жарылыстың екпінінен үйінің төбесі опырылып, шаңырағы ортасына түскен. Біраз дүние-мүлкіне зақым келді.

Жарылған қабырға, шағылған есік. Терезе әйнектерінің де күл-талқаны шыққан. Десе де, Қалдыбай аға үйіне оралысымен, жөндеу жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Әйелі мен балалары әзірге туыстарын паналап жүр. «Бастысы, басымыз аман, қираған дүние қалпына келер»,- дейді сабырмен.

Төтенше оқиғаға қатысты «Қару-жарақпен, сондай-ақ, айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апат аумағы мен шығын көлемі есептеліп жатыр.

Талғат Мамаев, облыс әкімінің орынбасары: 
Мыңнан астам қызметші қызмет етіп жатыр. Және жүзден астам техника жұмыс істеп жатыр. Әскери базаға жақын орналасқан Қайнар ауылындағы тұрғындар әлі ауылына жұмыс жүргізіліп жатқаннан кейін шеттерінен келіп жатыр. Басқа ауылдарда халық үйлеріне қайтып жатыр.

Әкімдік енді тездетіп шығын көлемін есептеп, өтеп беруі керек. Ал жоғалғандар және кім екені белгісіз болып тұрғандарды анықтау – одан да шұғыл істелуі тиіс.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу