Енді сарапшылардың пікірлеріне келсек. Саясаттанушы Талғат Қалиевтің Телеграм каналда жариялаған пайымынан үзінді:
Жиырма жылда әскери қоймаларда 8 жарылыс болды. 4-еуі Арыста. Оқ-дәріні сақтау және утилдеу бойынша терең әрі жүйелі проблемалар бар екені анық. Бізде ғана емес. Ресей қоймаларында да жарылыстар болып жатады. Бұл совет армиясынан қалған ортақ аурулар немесе ортақ «дәстүрлер». Алайда бізде де, оларда да қателікті түзеу бойынша жұмыс істелмейтін сияқты. Қоймалар әлі күнге дейін елді мекендерге жақын орналасқан. Бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін де, әскери құпиялық үшін де қауіпті. Екінші мәселе – утилдеу. Ескірген, жарамсыз оқ-дәрінің көзі жойылатындықтан бұл процесті тәуелсіз аудиторларды тарта отырып жүргізуге болады.
Бастысы - жалпы армияның күйі. Армияны көне советттік дәстүрлерден арылта алмадық. Кезекті жұлдызшаларын олар стақанға салып «жуады», әскердегі сөз қолданысының 80-ші жылдардағыдан айырмашылығы жоқ. Әлімжеттік көрсетпейтін, таяқсыз армия құрсақ ғой. Кәсіби. Мүмкін жарылыстар тоқтар. Бүкіл әскери қоймаларда кешенді ревизия жүргізсе. Сонымен бірге ҰҚК құрметті қызметкері Ержан Исақұловтың пікірін алдық.