Каспий теңізінің деңгейі бір жарым метрге төмендеді. Және бұл үрдіс жылдан жылға қарқын алып барады. Егер осылай жалғаса берсе, таяз жерлер құрғап, тұзға айналады. Климат өзгереді. Айналадағы халықтың тұрмыс-тіршілігі қиындайды - дейді, экологтар. Сондықтан теңізді сақтап қалудың жолдарын табу қажет. Ғылыми зерттеу институтын құрып, эко жүйеге кері әсер етіп жатқан факторларды анықтауға назар аударылуы тиіс. Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.
Павел Мырзағалиев өз өмірін қарт Каспиймен тығыз байланыстырады. Әсіресе балалық шағында таңнан кешке дейін құмында аунап-қунап, теңіздің суына шомылып өскен тұрғын өзгелер секілді каспийдің тартылып жатқанына алаңдаулы.
Павел Мырзағалиев, Ақтау қаласының тұрғыны:
Маңғыстауда халықтың көп бөлігі теңіз жағасында тұрады. Су деңгейінің төмендеуінен болатын зардапты бірінші солар тартады. Өйткені, қазір облыс тұрғындарының 57 пайызы тұщытылған теңіз суын тұтынып отыр. Ал, Каспийді жағалай орналасқан 5 мемлекетті қоса алғанда 25 млн-дай халықтың өмірі теңізбен байланысты.
Орынбасар Тоғжанов, эколог:
Айналасында өмір сүріп отырған халықтың тұрмыс-тіршілігі қиындай түсетіні сөзсіз. Биоресурстар, балық көлемінің азаятыны сөзсіз. Теңіздің азаюы климаттың өзгеруіне әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, теңіз соңғы 15 жылда 1,5 метрге төмендеді. 5 жылдан бері тоқтаусыз тартылып жатыр. Орта есеппен жылына 7 см-ге азаяды. Алдағы 3 жылда тағы да 40 см-ге төмендейді деген болжам бар.
Нұрлан Сәрсенбаев, «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары:
Кейбір жылдары мысал үшін 2005 тен 2008 ге дейін жедел қарқынмен түскен болса, 2008 ден 2011 ге дейін шамалы бәсеңбеді. Ал, 2011 ден бері қарай тағы да қарқыны күшейді, сөйтіп бір жылдары көп, бір жылдары аз. Бірақ, жалпы есептегенде бәрібір теңіз деңгейі төмен қарай түсіп келеді.
Экологтар теңіз деңгейінің төмендеуін оған құятын өзендердегі судың азаюымен түсіндіреді. Мәселен, негізгі күретамыр Еділ мен Жайық өзендерінің өзі таязданып кетті. Теңіз суының азаюына жауын-шашынның да аз түсуі себеп.
Кирилл Осин, «Эко-Маңғыстау» ҮЕҰ директоры:
Каспий теңізінің мәселелері бойынша ғылыми зерттеу институтын құру қажет. Себебі, қазір жүріп жатқан процестерге ғылым жауап беруі тиіс. Мысалы, мәселенің бірі, итбалықтарды сақтап қалу үшін, нақты ғылыми деректер мен көрсеткіштерге сүйеніп, жоспар жасақталуы қажет.
Жағалаудың тазалығы да эко жүйеге әсер етеді. Ал, бізде ол мәдениет қалыптаспаған. Оған сенбіліктерде тонналап жиналатын коқыс дәлел. Теңізге лас су төгіп, соңында айыппұлмен құтылатын компанияларды қосыңыз. Осының бәрі бірегей су қоймасының экологиялық жағдайын асқындыра түсері анық.
Аягөз Оралбайқызы