Еуропа Одағы ересек тұрғындардың 70 пайызына жаздың соңына қарай коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспарын орындады. Нақтырақ айтсақ, бүгінде 250 миллионнан астам адам толықтай иммундалған. Бастапқыда бұл жоспардың жүзеге асатынына көпшілік күмән келтірген еді.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен болса, жаңа инфекцияларды болдырмау үшін вакцинасыз жүрген еуропалықтарды екпе салдыруға үндеді.
Урсула Фон Дер Лейен, Еурокомиссия төрағасы:Вакцина салу науқанында маңызды межеге жеттік. Еуропа Одағы ересектерінің 70 пайызы вакцина салды. Бұл - үлкен жетістік. Баршамыз жұмылып, осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Дегенмен, пандемияның аяқталмағанын есте ұстап, абай болуымыз керек. Инфекцияның жаңа түрлеріне жол бермеу үшін шұғыл түрде вакцина cалған маңызды.
Ал, Оңтүстік Африка ғалымдары коронавирустың мутацияланған жаңа түрін тапты. Қазір бұрын-соңды болмаған штамның антиденелерге әсері зерттеліп жатыр.Ол тез жұға ма, әлде иммундалғандардың немесе ковидпен ауырғандардың иммунитетіне қарсы тұра ма - ол жағы әзірге белгісіз. Зерттеушілердің сөзінше, жаңа штамның пайда болуы пандемияның жақын арада аяқталмайтынын білдіреді.
Арай Төлегенқызы