Бүгін елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды. Бұл тәуелсіздік алғалы ұйымдастырылып отырған үшінші санақ. Шара алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы өтпек. 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде халық санағынан өтуге болады. Сайт 24 сағат бойы қолжетімді.
Онлайн режимінде санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін 1-30 қазан аралығында дәстүрлі форматта қайта өтеді. Бұл жолы Интервьюерлер ақпаратты электронды планшеттер арқылы жинайды. Биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Алайда азаматтар сауалдардың барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Себебі санақ парақтарында шетелге кеткен немесе елге келген адамдарға, тек қана әйелдерге қойылатын сұрақтар бар. Сондай-ақ үйдің жағдайына қатысты сауалдарға тек үйдің иесі ғана жауап береді.
Оңғар Алпысбайұлы