Алматыдағы «Көктөбе» демалыс кешені орналасқан тау бөктері бүгін де өртенді. Бұл осы аймақта екі күнде болған үшінші жағдай. Кеше тау баурайының екі жағы жанып, қызыл жалын бір адамның өмірін жалмаған еді. Ал бүгін түскі екі кезінде сол маңайда тағы да өрт тұтанып, мамандар дер кезінде өшірді. Тау бөктерінің қайта-қайта өртенуіне не себеп, одан тұрғындарға қауіп қандай?
«Көктөбе» демалыс кешенінің төменгі тұсындағы өрт кеше түсте басталған. Қызыл жалын туралы алғашқы ақпарат өрт сөндіру қызметіне 14:28-де түсіп, мамандар кешкі 19:58-де өшірген. Бірақ арада 22 минут өткенде соған жақын аймақтан тағы өрт шыққан. Төтеншеліктер түнімен арпалысып, оны да сөндірді. Оған 70 техника мен мың жарымнан астам қызметкер жұмылдырылды. Көліктің баруы қиын жерлерге су шашатын тікұшақтар тартылды.
Серік Әубәкіров, Қалалық ТЖД басшысы:
Өртті сөндіру айтарлықтай қиын болды. Өйткені, тауға шығатын жолдар тар, әрі биік. Біздің техникаларға ыңғайсыз. Бірақ өртті дер уақытында ауыздықтай білдік.
Аманкелді Сейітхан, тілші:
Өрттен кейінгі Көктөбенің бүгінгі көрінісі, міне, дәл осындай. Кешегі алыстан жап-жасыл боп, көзді баурайтын аймақ дәл қазір қара күлге айналған. Байқағанымыз, өртенген жердегі шөптер сарғайып, мынандай болып қурап тұр екен. Ал абырой болғанда, қызыл жалын тау етегіндегі үйлердің дәл іргесінен келіп тоқтаған. Яғни ең шеткі үйге жетуге бар-жоғы 40-50 метрдей ғана қалған.
Осы үйде тұратын Азамат кеше мұнда інісі екеуі болған. Оның айтуынша, бұл көшенің бойында 7-8 үй бар. Өрт шыққаннан кейін тұрғындар үй-жайларын тастап қашқан. Ал Азамат інісін төменге жіберіп, өзі төтеншеліктер жеткенше осында болыпты.
Азамат, қала тұрғыны:
Сағат екінің кезінде, мына төмен жағынан басталған түтін шығып. Сол кезде біз ойлағанбыз, мына көршілер ар жақтан от жаққан, қоқыс өртеген деп ойлағанбыз ғой...
Тілсіз жау тұрғын үйлерге жетпесе де, өрт сөндірушілер бір адамның мүрдесін тапты. Қазір полицейлер оның аты-жөнін анықтап жатыр. Ал төтенше жағдайға қатысты тергеу жұмыстары басталып, өрттің шығу себептері зерттелуде.
Аманкелді СЕЙТХАН