Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бақты орманды өлкесіндегі өртенген алқаптың жалпы аумағы 2,5 мың гектарға жетті. Соның шамамен 30 пайыздан астамы - тоғайлы жерлер. «Күннің ыстығы мен күшті желдің соғуынан тілсіз жау өршіп, ырық бермеуде»,-дейді төтенше жағдай қызметкерлері.
Қазір оқиға орнында 170 өрт сөндіруші мен 27 техника жұмыс істеп жатыр. Кеше МИ-2 тікұшағымен әуеден барлау жұмыстары жасалды. Сондай-ақ, су төгу құрылғысы бар тікұшақ көмекке келді. Жалын неден шыққаны белгісіз. Қазір арнайы комиссия жан-жақты зерттеу жұмысын жүргізуде. Бастапқыда Егіндібұлақ ауылдық округінің оңтүстігіне қарай 30 шақырым жерде құрғақ шөп тұтанған.
Айта кету керек, бұл аумақта табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ал бүгін өртті сөндіруге жәрдемдесуге Ұлттық ұланға қарасты 52859 әскери бөлімнен 85 сарбаз бен 7 техника жіберілді.
Ибрагим Күлшімбаев, облыстық ТЖД басшысы:
Өртті сөндіру қиын болып тұр. Күннің ыстығы және қатты жел кедергі. Кеше 10-15 метр жылдамдықпен соқты. Күнде желдің бағыты ауысып тұр. Одан кейін өрт болып жатқан желер - таулы жерлер. Оған техника бара алмайды. Тек қана тікұшақпен және жаяу жүріп сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ