«Дельта» штамы әлемнің 170 елінен табылды. Мұндай мәлімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында жарияланған. Жалпы, жаһанда 216 миллиондай коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркеліп, осы індеттен 4 жарым миллионға жуық адам қайтыс болған.
АҚШ-тың «Модерна» фармацевтикалық компаниясы Жапониядан 1 миллион 600 мыңдай доза вакцинаны кері қайтарып жатыр. Себебі, бұл екпенің құрамынан қара түсті бөлшектер табылғаны расталған. Флакондарға тот баспайтын болаттың сынықтары Испаниядағы зауытта түскен. Бұл проблема анықталғанға дейін Жапонияда «Модерна» вакцинасын жарты миллиондай адам қабылдап үлгеріпті. Дегенмен, жергілікті денсаулық сақтау министрлігі табылған бөлшектердің денсаулыққа қауіпті екеніне сенбейтінін мәлімдеп отыр.
Ал, Құрама Штаттарда наурыздан бері коронавирусқа қарсы вакцинаның 15 миллион дозасы қоқысқа тасталған. Мұндай мәліметті елдің ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы жариялады. Әзірге, екпелердің не себепті жарамсыз деп танылғаны белгісіз. Кейбір деректерге сай, оларды сақтауға арналған жабдықтардан ақау табылған болуы мүмкін.
Арыстан Рысбек