Литва кәсіпкерлері Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған жобаларға инвестиция құюға ниетті. Ел үкіметі де Қазақстанмен барлық салада байланысты күшейтуге бейім. Алдағы дүйсенбіде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва үкіметаралық комиссиясының 13-отырысы өтеді. Қос тарап сол басқосуда алыс-берісті арттыру, достықты нығайту жайын кеңінен талқыламақ.
Литва - Қазақстанның Балтық, Шығыс Еуропа елдеріндегі басты сауда серіктесінің бірі. Елдің Клайпеда порты қазақстандық тауарлар үшін Еуропаға ашылған терезе іспеттес. Біздің ел мұнда мұнай мен шикізат өнімдерін, өнеркәсіпке қажетті құрал-жабдық тасымалдайды. Литвалықтар Қазақстанға өндірістік тауарлар мен азық-түлік өнімдерін экпорттап отыр. Пандемияға қарамастан қос елдің тауар айналымы былтыр 1 млрд еуродан асқан.
Лорета Маскалёвене, Литваның көлік және коммуникация вице-министрі:
Қазақстан-Литваның ең маңызды серіктесі. Былтыр 200 серіктестіктің ішінде Қазақстан 20-орынға шықты. Екі ел арасындағы теміржол тасымалы өткен жылы екі есеге көбейді. Біздің әлеуетіміз бұдан да зор. Сондықтан, біз экологиялық көлікті пайдалана отырып, жүк тасымалын күшейтуіміз керек.
Виктор Темірбаев, ҚР Литвадағы төтенше және өкілетті елшісі:
Бізге литвалық компаниялармен біріккен кәсіпорын құрып, олардың сүт пен ет өндіру саласындағы тәжірибесі мен технологиясын игеру өте маңызды. Литва қазір Шығыс Еуропадағы инновациялық орталықтың біріне айналды. Елдің ғылымды қажет ететін кәсіпорын құру тәжірибесін игеру - екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың басты бағытының бірі болмақ.
Қазір елімізде Литва капиталының қатысуымен 300-ге жуық компания жұмыс істеп жатыр. Шетелдік кәсіпкерлер серпінді жобаларға инвестиция құюға дайын.
Видмантас Янулявичюс, Литваның өнеркәсіптер конфедерациясының президенті:
Жел турбиналары, күн панельдері сияқты энергияның баламалы көздерін алуға қажетті шикізат, мәселен күміс, кремний басқа да металдар Қазақстанда жеткілікті. Соны пайдалану қажет. Біз осы салаға инвестиция құюға және қауіп-қатерлерді әртараптандыруға қатысты тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
Литваның киберқауіпсіздік, ғарыш технологиясы саласындағы тәжірибесін игеру де бізге көптік етпейді. Сенімді серіктестер Қазақстанда азаматтық авиация ұшқыштарын даярлау орталығын ашуға келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан-Вильнюс бағытына қатынайтын тікелей әуе рейсін ашу да жоспарда бар. Қос тарап дүйсенбідегі үкіметаралық комиссияның 13-отырысында екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтеру жолдарын кеңінен талқыламақ.
Нұрсұлу Қасым