Батыс Қазақстанда алаяқ әйел кепілдікте тұрған арзан пәтер алып беремін деп 20 адамды алдап соққан. Полицияға әлі де арызданып келіп жатқандар бар.
Зардап шеккендер пәтердің құр суретін көріп, қолма-қол ақшасын санап берген. Алданғандардың қатарында кәсіпкерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Жалған баспана үшін олар 500 мыңнан 7,2 миллион теңгеге дейін алаяқ қолына ұстатқан. Енді не ақша, не баспана жоқ, сан соғып қалды.
Қазір күдікті әйел қолға түсті. Ол зардап шеккендерге 54 миллион теңге қайтарып беруі тиіс. Бірақ еш жерде жұмыс істемейтін оның бұл қаражатты қашан, қалай қайтарары белгісіз.
Болатбек Белгібеков, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Қазіргі уақытта аталған 36 жастағы әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті азаматша тергеу изоляторына қамауға алынды. Ол бұған дейін алаяқтық қылмысы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ