Инфляцияны ақша массасын азайту арқылы шектеу қажет. Демек ауқаттылардың емес, тек мұқтаж адамдардың ғана жалақысын өсіру керек. Экономистер осындай ұсыныс айтты. Елдегі инфляцияны 4-6 процент деңгейіне қайтару туралы Президент Жолдауда тапсырған. Жауаптылар бағаны қалай тұрақтандырмақ? Алдағы бейнематериалда.
Инфляция биылғы шілдеде 8%-тен асып, соңғы төрт жылдағы рекордқа жетті. Бақылаусыз өскен бағаны бағамдай алмады деп Президенттің сынағаны да сол. Графика: Азық-түлік биыл 11%-ке қымбаттады. Нарықта еттің бағасы сегіз жарым, нанның құны 6%-ке өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 7%-ке көтерілді. Қымбатшылық қысқан халық та қазір айлықтың азықтан артылмайтынын айтады.
Бұған дейін бас банкир Ерболат Досаев « бақылаусыз экспорттың кесірінен картоп пен сәбіз қымбаттап, бағаға әсер еткен де сол» деп ақталған. Президент инфляцияны тежеуде қауқарсыздық танытқан Үкімет пен Ұлттық банкке оның деңгейін 4-6% дейін қайта түсіруді тапсырды. Жақында Досаев инфляцияға қарсы жоспар құрылады деп мәлімдеді.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:Инфляцияны 2022 жылы нысаналы дәлізге қайтару бойынша Жолдауда қойылған міндеттерді тиімді түрде шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленіп, келісудің соңғы сатысында тұр.
Инфляцияны ақша массасын азайту арқылы шектеу керек. Экономист Сапарбай Жұбаев қалталыларда айлық көбейгенде, оның нарыққа әсер ететінін айтады. Ол тек мұқтаж адамдардың ғана жалақысы өсіруді ұсынып отыр.
Сапарбай Жобаев, экономист:Бізде орта айлық деген түсінік бар. 250 мың болды. 250 мыңға дейінгілердің айлығын 20 пайызға көтереміз. Мәселен 100 болса, 120 мың болсын.
Бірақ импортқа байланған ішкі нарықты сырттан келетін тауар толтыра берсе, қымбатшылық жалғасады. Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, өзіміздің өндіріске ден қойып, нарықты қамтитын уақыт жетті.
Меруерт Махмұтова, экономист:Көбінесе ауылшаруашылығы мал болсын, жеміс-жидек болсын жеке бөлек азаматтардың отбасында өндіріледі. Ол өндіріс тұрақты болмағандықтан жалпы ішкі сұранысты жаба алмайды. Ауыл шаруашылығын дамытпағанша олар қалаға көше береді.
Ақерке Бектас, тілші:Елде импорттың үлесі былтыр 21 млрд доллардан асты. Ал өзіміздің өнімді экспорттап, көктемде ішкі нарықта тапшылық туындады. Президент жауаптылардың жұмысы тиімсіз, әр жолы баға шарықтағанда байыппен сараптаудың орнына, бір-біріне сілтей салатынын айтқан. Оны көктемде картоп пен сәбіз бағасы күрт өскенде екі министрліктің әрекетінен байқадық.
Ақерке Бектас