Павлодар облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылының тұрғындары мал бағатын жерінен бір күнде айырылып қалды. Жайылымдық алқапты жергілікті мәслихат депутаты жеке иелігіне алып, келесі көктемде егін салуға дайындау үшін кірісіп кеткен. Төрт түлікті қайда жаярын білмей, дал болған тұрғындар арнамызға шағымданды. Болат Аманбаев толықтырады.
Конкурс арқылы мың гектардан астам жерді жалға алған кәсіпкер әрі депутат бірден топырақ аударуға кіріскен. Келесі көктемде дән себеді. Іргедегі ауылдан өрген мал егінге түсіп, нағыз шатақ сол кезде басталады-дейді тұрғындар.
Дәлел Қайдар, Қожамжар ауылының тұрғыны:
Қараңдаршы міне, ақ-сары топырақ. Мынандай жасыл шөпті алды да топыраққа айналдырып тастады. Мал несін жейді мынадан. Ал, халықпен неге санаспайды? Жер, көктің бәрін жыртып тастады. Жыртқанына үш-ақ күн болды.
Осы үш күнде тұрғындар аудандық әкімшілік табалдырығын тоздырыпты. Бірақ ешкім қабылдамады-дейді.
Өкінбек Займолда, Қожамжар ауылының тұрғыны:
Еліміздің Президенті Тоқаев мырзаның Жолдауында айтты ғой, мына шаруа қожалықтары, ауылдағы мал бағатын кісілердің мал өрісіне бөгет жасамандар, кеңейтіп беріндер-деп тікелей тапсырма берді. Міне оған қазір ешкім құлақ асып жатқан жоқ біздің әкімдер. Міне осындай үлкен қожалықтарға береді, ауыл әкімдері солардың ығымен кетеді.
Жайылым жоқтығынан зардап шегіп отырғандардың дені қандастарымыз. Ал, тұрғылықты халық өз үлестерін, яғни пайын қожалықтарға беріп, азын-аулақ малын соларға бақтырады. Кейін көшіп келгендерде ондай мүмкіндік жоқ. Туған жерге келіп, аткәсіппен айналысамыз-деген еңбекқор қауымның осындай қиындыққа тап болғанынан жергілікті атқмінерлер бейхабар.
Ермек Машрықов, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
Халықтың айтып отырған жайылым жоқ дегенің бірінші естіп отырмыз. Мал жайған екен бұл жерге. Конкурспен алып тұр. Ол ертең Головашов ертең сотқа жүгінсе, прокуратураға жүгінсе мен алдым заң жүзінде, менің егістік алқабым, мен алам десе ол заңды.
Яғни, жергілікті «дөкейге» жалға берілген жайылымды ортақ пайдаланымға қайтаруға қауқарсызбыз деп отыр әкімдіктегілер.
Болат Аманбаев, тілші:
Шынымен де солай ма? «Жайылымдар туралы» заңның «Жайылымдарды беру және пайдалану» деген бабына сай жергілікті атқарушы билік халық мұқтаждығы үшін жалға берілетін жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтара алады-деп анық көрсетілген.
Ал, мың гектардан артық алқапты жалға алған жергілікті мәслихат депутаты жағдайды түсіндіруден бас тартты. Азын- аулақ малмен жан бағып отырған жұрт төрт түлікке жайылым қалмаса, ауылды тастап, қала көшкеннен басқа амал жоқ деп абыржулы.
Болат Аманбаев