Ауылшаруашылығы саласына бөлінетін субсидия тоқтамайды. Мемлекеттік қолдау керісінше жалғасады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында айтты. Ол өңірдегі егін жинау науқанымен танысып, дала еңбеккерлерімен кездесті. Әрі индустриалды кәсіпорындарды аралады.
Ел қамбасына құйылатын астықтың 30 пайызы осы өңірде өсіріледі. Биыл егіннің көлемі былтырғыдан көп. 4 млн 300 мың гектар алқаптан асты.
Асима Нұрбайқызы, тілші:Егін жайқалып тұрғанымен, оның бітік шыққанын білдірмейді. Биыл жазда жауын-шашын аз болды. Ыстықтан өнімнің біразы қурап қалған. Астықты аймақ солтүстіктің өзі қуаңшылық салдарын тартуы мүмкін. Шаруалар түсім гектарына 10-15 центнерден аспайды деп отыр.
Осының өзін шұғыл жинап алмаса болмайды. Өйткені, теріскейде егін өсірудің тәуекелі жоғары. Климат тез өзгереді. Биыл егін ерте пісті. Сол себептен диқандар орақты жарты айға ерте салды.
Осы жаз шаруаларды біраз қысты. Қамданғанның қапы қалмайтынын еске салды. Сондықтан жем-шөп базасына бей-жай қарауға болмайды. Оның үстіне қыр астында – қыс. Облыс мал азығын молынан жинап жатыр. Аймақтан артылғаны өзге өңірдегі тарыққан жұртқа жөнелтіледі.
Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:Маңғыстау облысы бойынша бізде облыста меморандум бекітті. Біздің облыс 10 мың тоннадай жем-шөпті беруге біз дайынбыз. Қазіргі күні сол дайындықты жасап, аптаның соңына қарай сол жақтан операторлар келеді. Солармен шартқа отырамыз.
Жалпы, облыс экономикасының негізгі драйвері саналатын салалардағы көрсеткіш жаман емес.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:Пандемияға қарамастан, облыс экономикасының негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында өсім – 101,7%, өнеркәсіпте – 107,2%, инвестицияда – 124,5% құрады.
Шаруалар Президентпен кездесуде субсидия азаятынына алаңдаушылық білдірді. Алайда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау жалғасатынын айтты Мемлекет басшысы. Әрі жауаптыларға саладағы саясатты жетілдіру жұмысын жүктеді. Ұнның экспортқа шығарылу көлемі де төмендеп кеткен. Бұл бағытта тариф саясатын реттеуді тапсырды. Агроөнеркәсіп кешенін техникамен қамту жайына да ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Шын мәнінде озық техника керек. Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қол жетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін.
Күрделі кезеңде қисынын тауып, қамбаға алтын дән құйып жатқан диқандарға Президент қолдау тоқтамайтынын жеткізді.
Астықты ел қамбасына құю үшін тегеурінді техника қажет. Алайда, облыстағы трактор, комбайндардың 76 пайызы ескірген. Бұл әлбетте, дала еңбеккерлерінің шаруасын ширатуға кедергі. Проблеманы шешу үшін инвестицияның дені осы салаға бағытталып жатыр. Соның бір нәтижесі - немістің танымал Claas техникалары енді біздің елде де құрастырылады.
Бұл комбайндар ырыс дәнін шашпай-төкпей жинап береді. Әрі бір айлық жұмысты 10 күнде тындыруға қауқарлы. Яғни, басқалардан 3 есе шапшаң қимылдайды. Сондықтан өнімділігі жоғары. Жыл аяғына дейін астық жинайтын осындай 90 машина құрастырылмақ. Демек, диқандар келер жылдан бастап ел ризығын осы техникалармен жинайды. Дегенмен, бағасы арзан емес. Сол үшін мемлекет қолдау көрсетуге дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:CLAAS өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі - үлкен жетістік. Мұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады. Германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет.
Өңірде тағы бір жаңа кәсіпорын жұмысын бастады. Ол – Петропавл электротехникалық зауыт. Трансформатор шығарады. Компания нарық үшін таңсық емес. Ел бойынша 5 өңірде өндірісі бар. Алыс-жақын елдерден сұраныс жоғары. Алтыншысы сол себептен ашылды.
Қазір әлемнің біраз елінің электр қуатымен қамтитын станцияларында қазақстандық осы құрылғылар тұр. Петропавл зауыты да өнімнің 98 пайызын экспортқа жөнелтпек. Жылына 13 мың дана қондырғы шығарады. Құны 15 млрд теңге. Тек кадр тапшылығы бар. Мәселе «Серпін» бағдарламасы арқылы шешімін таппақ. Өзге өңірдің жастарын теріскейге алдыртып жатыр.
Өңірді өркендету үшін атқаратын шаруа әлі шаш етектен. Оның үстіне жолдау жүктеген міндет көп. Аз уақытта бәрін тындырып тастау мүмкін емес. Бастысы халық игілігі үшін жүйелі жұмыс жүргізу керектігін айтты Президент.
Асима Нұрбайқызы