Павлодар облысында ветеринарлар екі айдан бері жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында ветеринарлар екі айдан бері жалақы алмаған

07.09.2021

Павлодар облысында ветеринарлар екі айдан бері жалақы ала-алмай жүр.Қала мен аудандардағы ветеринарлық станциялардың бәріне миллиондап еңбекақы аударылмаған. Жергілікті басқарма алдымен бірқатар қызметкерді жұмыстан шығарады. Бірақ уақыт өте келе , бұл әрекеттері заңсыз деп табылып, мамандар жұмысқа қайта қабылданған. Алайда, енді оларға еңбекақы төленбей отыр. Мәсленің мәнісін меншікті тілшіміз зерделеп көрді.

Серікбай Құрымбаев 30 жылдан аса мал дәрігерлік қызметте. Соңғы 6 жылда Павлодар қаласының ветеринарлық станциясын басқарған. Жұмысына қатысты шағым болмаса да, шілде айында Баянауыл және Ертіс ауданындағы әріптестерімен бірге жұмыстан қуылыпты.

Серікбай Құрымбаев,  қалалық ветеринарлық станция басшысы:
16 шілдеде бізге өтірік жала жауып, біздің ветеринарлық басқарма басшымыз Байжанов Қайыржан, сол бізді бір күнде жұмыстан шығарды. Өзінің кісілерін қою, сондай оймен. Ол бастық болып келгеннен кейін осы маған өте үлкен қысым жасай бастады. Одан кейін маған өте қиын болды жұмыс істеуге.

Жұмыссыз қалған үш бірдей станциның басшысы бірден еңбек басқармасына жүгінген. Іле шала тексеріс басталған.

Асқар Қапанов,   облыстық еңбек басқармасының басшысы:
Бізге жүгінген азаматтарды жұмыстан шығару кезінде бірқатар заң талаптары бұзылғанын анықтадық. Сондықтан ветеринарлық басқарма істі сотқа жеткізбей-ақ оларды қайта жұмысқа қабылдауға бірден келісті.

Алайда, мұнымен қысым көрсету тоқтамады дейді мамандар. Олардың ұжым алдындағы беделін төмендетіп, еңбекақы қорын қысқартып тастаған. Тіпті, екі айдан бері жалақы төленбеген.

Ғалия Мейірханова,   қалалық ветеринарлық станцияның бас есепшісі:
Біздің мекеменің қарызы өсіп барады. 10 млн теңге еңбекақы бойынша, басқадай шығындар бойынша 6 млн теңге берешегіміз бар. Бұның бәрі бюджетте дәлелденіп, жыл басында жоспарланып қойылған қаржы. Неге берілмейтінің түсінбеймін.

Өңірде ветеринар тапшы, қазір 16 маман қажет. Екі үш округқа бір мал дәрігері қызмет көрсетеді. Жалақысы 40 мың мен 120 мың теңге аралығында. Онсыз да мардымсыз айлықты кешіктірудің себебін басшы жөндеп түсіндіре алмады.

Қайыржан Байжанов, облыстық ветеринарлық басқарманың басшысы:
140 млн.теңге бөлінді. Қазір бұл қаржыны қала, аудандарға аудару үрдісі жүріп жатыр. Келесі аптаның басында барлық ветеринарлық стансалардың қарызы түгелдей өтеледі. Жұмысқа қайта қабылданған басшыларға қысым көрсетіп қудалау деген болмайды.

 Енді бұл мәселе мемлекеттік қызмет істері агенттігінде қаралуы мүмкін. Өкілетті органға бүгін ветеринариялық станса қызметкерлері ұжымдық хат жолдады.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу