Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинамен тең ойнады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинамен тең ойнады

08.09.2021

Тағы да камбэк! Қазақстан құрамасы сырт алаңда Босния және Герцеговинамен тең ойнады. Фубол сарапшылары тартысқа толы матчты нағыз сенсацияға балап жатыр.

2022 жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу аясында Қазақстан сырт алаңда Босния және Герцеговина құрамасымен кездесті. Алғашқы минуттарда-ақ алаң иелері тізгінді өз қолына алуға тырысты. Қос қанаттан бірнеше мәрте шабуыл ұйымдастырды. Бірақ қазақстандық футболшылар лайықты тойтарыс берді. Осылайша бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде босниялық құрама алға қарай ұмтылды. Десе де қарсы шабуыл ұйымдастырған қазақстандық құрама есеп ашып кетті. Оны 51-минутта жартылай қорғаушы Исламбек Қуат өзінің еншісіне жазды.

Ал 74-минутта Қазақстан құрамасының қақпасына пенальти белгіленді. Оны босниялық Миралем Пьянич мүлт жіберген жоқ. Ал 85-минутта Лука Менало бұрыштамадан әуелете берілген допты қақпаға салып, есепті еселей түсті.

Есеп 1:2. Қазақстан құрамасы жеңіліп жатыр еді. Оның үстіне ойын аяқталуға жақын. Бірақ төреші негізгі уақытқа 6 минут қосып еді, футболшыларымыз қарап қалмады. 94-минутта Бактиёр Зайнутдинов таразы басын теңестірді.

Осылайша Қазақстан 2:2 есебімен тең түсті. Мұны футбол сүйер қауым сенсацияға балап жатыр. Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Франция, Украина, Босния және Герцеговина, Финляндия. Енді алдағы ойын 9 қазанда жалғасады. Бұл күні Қазақстан Босния және Герцеговина құрамасын керісінше өз алаңында қабылдайды.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу