Елімізде эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді

08.09.2021

Елде эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді. Індет жұқтырудың кезекті шарықтау шегінен өттік. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі осындай. Екпе салдырғандар қатары да күн санап артып отыр. Ведомство өкілдері ұйымдастырған брифингте өзге де бірқатар ақпарат айтылды. Онымен әріптесім Оңғар Алпысбайұлы бөліссін.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Ауруханалардың біртіндеп босап жатқаны байқалады. Инфекциялық стационарлардың жүктемесі 56 дан 36 пайызға дейән төмендеді. Вакцинацияға тоқталсақ. 7 млнға жуық қазақстандық екпенің бірінші компонентін алған. Бұл иммундалуға жататын адамдар тобының 70 пайызы. Екінші компонентті 5 млн 755 мың адам алған. Эпидемиологиялық жағдай едәуір жақсарып келеді. Жамбыл, Қызылорда, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары сары аймаққа ауысқан. Түркістан жасыл ал өзгелері қызыл санатта тұр.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Соңғы 2 аптада Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Тамыз айымен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 1,4 есе төмендеді.

Брифинг барысында балаларды вакцинациялау мәселесі де айтылды. Қазір әлеуметтік желілерде оқушыларға мәжбүрлі екпе салу бойынша ақпарат тарап жүр. Министрлік өкілдері мұны бос әңгіме, қаңқу сөз деп түсіндірді.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
Мектеп аясында қандай да бір вакцина жасалатын болса ата-аналар жиналысы өткізіледі. Бүгінгі күні мектеп аясында вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ. Осыған байланысты ата-аналарға біз ақиқатты өте кең таратып, түсіндіріп айтқанымыз абзал.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларға Файзерді салуға кеңес берген. Екпенің бұл түрі бізге әлі жеткізілген жоқ. Келісөз жүріп жатыр. Ал қазақстандық QazVac -ты дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі ресми тіркеген жоқ.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Қыркүйек айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қазақстанға келеді. Тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондан кейін біздің екпе Халықаралық дәрежеде мойындалуы мүмкін.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Айта кетейік, Қазақстанда екпе алған 20 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 7070 адам вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін індетке шалдыққан. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдері елде коронавирус жұқтырғандардың 99,9 пайызы вакцина алмағанын айтады. 15 қыркүйектен елімізде тұмауға қарсы егу басталады. Бюджет қаржысы есебінен Ресейде шығарылған вакцинаның 2,5 млн дозасы сатып алынған. Бұл ел тұрғындарының 13 пайызын қамтуға жетеді. «Гриппол+» екпесі соңғы 5 жылдан бері пайдаланылып келеді. Тиімділігі өте жоғары деді медицина мамандары.

Оңғар Алпысбайұлы 


Хабарламаларға жазылу