Ақтөбелік шаруалар мал азығының қымбаттағанына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік шаруалар мал азығының қымбаттағанына наразы

09.09.2021

Ақтөбелік шаруалар мал азығының қымбаттағанына наразы. Айтуларынша, ұн комбинаты олардан бидайдың тоннасын 100-105 мың теңгеден сатып алады. Ал, мал азығы ретінде қолданылатын кебекті қайтадан 90 мың теңгеден саудалап жатыр. Онсыз да қуаңшылық зардабын тартып оытрған шаруалар бұл бағамен келіспейді. Тараптар пікірін Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Амалы таусылған шаруалар бүгін ұн комбинатына келді. Олар бұл жерден үш ай бұрын ғана кебектің тоннасын 45 мыңнан, әрі кетсе 55 мың теңгеден алған. Сондықтан осынша уақытта бағаның не себепті екі есеге өсіп кеткенін түсіне алар емес.

Ерлан Жанбосынов, қожалық иесі: 
Қазір 90-95 мыңға жетті. Енді биыл өзімізде қуаңшылық жыл, шөбіміз де аз. Және де шөптің десапасы төмен. Сол себептен бізге жем көп керек болады жылдағыдан. Бірақ еңарзаны осы кебек болатын.

Қазір облыс бойынша екі жарым мыңдай қожалық бар.Оларға кем дегенде жылына 15-20 мың тоннадай мал азығы қажет. Шаруалар ұн комбинаты басқа облыстағы әріптестерімен келісіп, бағаны әдейі шарықтатып отыр деген пікірде.Сондықтан құзырлы мекемелерден көмек сұрайды. Ал, әкімдік өкілдері жеке мекеменің баға саясатына араласа алмаймыз дейді. Бірақ шаруаларды қолдау мақсатында субсидия бөлінбек.

Исатай Еспағанбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: 
Жем-шөптің бағасын арзандатуға субсидиялар бөліне бастады. Былтыр ол 5, 5 млрд болса, биыл ол артып, 6,7 млрд көлемінде.

Алайда, бұл шара кебектің құнын төмендетуге әсер етпейді. Комбинат өкілдері болса, бағаның әлі де өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бар болғаны олар шаруаларға кебектен басқа да мал азығын сатып алуды ұсынып отыр.

Әмір Баспанов, ұн комбинатының өкілі: 
Бұл баға өседі деген ойдамыз, әлі қарқынды өсу керек. Қазіргі отрубтың бағасы қапшықсыз 85 теңгеден, ал қапшыққа салынғаны 90 теңгеден өткізіп жатырмыз. Себебі, тапшы болып тұр, сұраныс көп. Басқа облыстар да сондай бағаға сатып жатыр.
Жақсыбек Кемал, тілші: 
Бұл осы аймақтағы ең ірі ұн комбинатының бірі. Егін шаруашылығымен айналысатындар өнімдерін осында әкеліп өткізеді.Мекеме басшылығы шаруалардың мал азығы бағасын төмендету туралы ұсынысын қарастыратындарын жеткізді. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу