Ауғанстандағы қандастарымыздың бір шоғыры елге жеткізілді. Кеше кешке Кабулдан Алматы әуежайына 41 жолаушы келіп қонған болатын. Эвакуациялық рейст Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылды.
Ауғанстандағы аласапыраннан 35 қандас елге қайтарылды. Солардың қатарындағы Хасанның қуанышында шек жоқ. Табаны тарихи отанына тигеніне тәубе етіп, тілек тіледі. Ол Қазақстанға келер алдында консулдықтың комиссиясында тексерілгенін айтады.
Хасан Дерман, Ауғанстаннан келген қандас:
Атамекенімізге келгеніміз үшін, тарих отанымызға келгеніміз үшін. Әйеліп құжаты борлмаған үшін келе алмады. Мен анаммен, екі ініммен, үш қарындасыммен келдім. Комиссияға бізді шақырды. Тексерді.
Хасаннан басқа ата-ана, бала-шаға да атамекеніне оралды. Жалпы, әскери әуе күштерінің арнайы ұшағымен Кабулдан Алматы қаласына 41 жолаушы жетті. Олардың ішінде еліміздің 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған бар. Қайтару жұмыстары «Талибан» қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды. Қазір қандастар карантин талабына сәйкес уақытша оқшауланған.
Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:
Ауғанстан аймағынан этникалық қазақтардың бірінші легі келіп қонды. Өзіміздің қандастарды Ауғанстаннан шығару мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен және Кабулдағы елшіліктің қолдауымен болған еді.
Қандастарды отанға оралту жұмыстары тоқтамайды. Билік Кабулдағы елшілікпен қалыпты тәртіпте байланыста. Елге қайтуға өтініш бергендердің этникалық сәйкестігі расталып, эвакуациялау жалғасады.
Нысаналы Ығыл