Байзақ ауданындағы Жібек жолы ауылында мектеп салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байзақ ауданындағы Жібек жолы ауылында мектеп салынып жатыр

10.09.2021

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін Жібек Жолы ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды. 63 үй жөнделді. Өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының орынбасары әскери базадағы жарылыстан зардап шеккен әр отбасына қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай ақ, вице-премьер өңірдегі бірқатар маңызды нысандарды аралады.

Жібек жолы ауылындағы 150 орындық жаңа мектептің құрылысы қазір қарқын алған. Мердігер компания жергілікті тұрғындарды да жұмысқа тартқан. Әзірге балалар көрші ауылға қатынап оқып жатыр. Жаңа мектеп келесі жылдың басында тапсырылады. Ал, іргедегі Үшбұлақ және Базарбай ауылдарындағы мектептер демеушілілердің көмегімен қалпына келтірілді. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов үйлері қираған ауыл тұрғындарына мейлінше материалдық көмек көрсетілетінін айтты.

Талғат Мамаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Бүгінгі күнге 35 үйдің жұмысын бастадық. Жоспар бойынша 10-шы қарашада бітеді. Аз зардап шеккен үйлер бар. Ол жерлерде 71 үй үй және 3 әлеуметтік нысан бар. Оның барлығы қазір жөнделіп жатыр.

Өңірдегі фармацевтикалық өндіріс те назардан тыс қалмады. Super Pharm компаниясы тәулігіне 60 мың медициналық маска, жылына 15 миллион дана медициналық бұйым шығарады. Кәсіпорында 550 адам жұмыс істейді. Үкімет басшысының орынбасары облыс орталығындағы әмбебап білім беру мекемлерінің де қызметімен танысты. Сондай-ақ Көне Тараз тарихи-этномәдени кешенін аралап көрді.

Қордайға келген Премьер-Министрдің орынбасары  Ералы Тоғжанов вакцина өндіретін биофармацевтикалық зауытта болып, институт ұжымымен арнайы кеңес өткізді. Қазір вакцина шығаратын зауыт іске қосылуға дайын.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Зауытты салуға байланысты тапсырма берілген болатын. Биологиялық қауіпсіздік институтының азаматтарымен кездесіп, нақты жолдарына деңгейіне көз жеткізіп қарап шықтық. Сондықтан, ол жерде жұмыс істейтін азаматтарға байланысты нақты шешімдерді де өзіміз көріп шықтық. Берілген нақты тапсырмалардың толықтай орындалғанын және орындалып жатқанына көз жеткіздік.

Бүгінде Гвардейск қалашығында биологиялық қауіпсіздік саласында еңбек ететін мамандар үшін тұрғын үй салынды. Бірқатары қоныстанып үлгерді.

Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу ғылыми институтының бас директоры:
180 пәтерлік үйлер дайын. Спорт кешені салынып жатыр. Сондықтанда, отандық ғалымдарға, казвак вакцинасын әзірлеген мамандарға үлкен әлеуметтік көмек беріліп отыр.

Қазір Қордай ауданының әлеуметтік инфрақұрылымы жетіліп келеді.  Ауыл - ел бесігі бағдарламасы аясында салынған спорт кешені ел игілігіне жарап тұр. Енді мәдениет үйі салнып жатыр. Бір жылдың ішінде Қордайда 4 спорт кешені пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 6 мың ауыл баласына спортпен тұрақты түрде айналысуға мүмкіндік туды.

Данияр Асқарұлы



Хабарламаларға жазылу