Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғалы 84 оқушы мен 19 мұғалімнен коронавирус анықталды. Сырқаттанып қалған 22 шәкірт дәстүрлі форматта оқыған. Балабақша тәрбиеленушілері арасында да қауіпті дертке шалдыққан 2 бала бар. Сонымен қатар студенттер арасында коронавирус тіркелуіне байланысты 2 топ қашықтан білім алуда. Қазір өңірде 165 бала ауырып жатыр. 25-і инфекциялық стационарларға жатқызылды. Біреуінің жағдайы ауыр.
Әсет Жұматаев, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:Балабақша тәрбиеленушілері арасында 4 жағдай тіркелді. Көрсеткіш алдыңғы 2 аптамен салыстырғанда төмендеді. Ауырып жатқан оқушылардың барлығы вирусты каникул кезінде жұқтырған. Толықтай карантинге жабылған мектеп жоқ.
Қостанайда да балалар арасында коронавирус өршіп барады. Соның кесірінен мектептерде қырықтан астам сынып карантинге жабылды. Бұрын дертке шалдыққан балалар саны үш-бес пайыздан аспайтын, қазір бұл көрсеткіш 15 пайызға жеткен. Науқас балалардың сыныптастары 14 күнге оқшауланып, сабақтарын онлайн оқиды. Егер үйде ата-анасы ауруға шалдықса, баланы мектепке жібермеуі керек дейді мамандар. Сонымен қатар облыста осы уақытқа дейін 300 мыңнан астам адам вакцина алған. Бұдан былай екпе салдырмаған қызметкерлердің кеңсеге кіруіне шектеу қойылады. Ал, екпе алмағандар апта сайын ПТР тесттің нәтижесін көрсетуі тиіс.