Шардараның шаруалары 44 мың тонна өнімді шетелге экспорттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардараның шаруалары 44 мың тонна өнімді шетелге экспорттады

10.09.2021

Түркістан облысы, Шардара ауданының шаруалары биыл қауын-қарбызды рекордтық көрсеткіште экспортқа шығарды. Бақша өнімінің негізгі бөлігі Ресей мен ТМД, Еуропа елдеріне жөнелтілуде. Диқандар ұзақ жолға негізінен қауын-қарбыздың дәмі тәтті, жолға бейімді, көлемі қорапқа салуға ыңғайлы келетін түрлерін жіберген.

Шардаралық диқандар биыл қауын-қарбызды жылдағыдан 500 гектардан астам жерге артық еккен. Себебі сұранысқа ие өнімнің бұл түрі ұзақ жолға шыдамды әрі пайдасы көл-көсір. Аудан аумағында жерасты суы жақын орналасқандықтан ағын суды да аса көп қажет етпейді, дейді шаруалар. Мәселен, Достық ауылында 370-тей шаруа қожалығы болса, солардың 70 пайыздан астамы жемістің осы түріне ден қойған.

Аманжол Қалыбаев, шаруа қожалығының төрағасы:   
Жылдан жылға қосымша дәрі-дәрмектер беру арқылы, өнімділік көбейіп жатыр. Өнім 260 центнерден өнім алып жатырмыз. Негізі Ресей және ТМД, Еуропа мемлекеттеріне кетіп жатыр.

Қазір Достықтағы егістік алқаптарда қауынның ондаған түрі пісіп тұр. Дайын өнім арнайы қорапшаларға салынуда. Әр қораптағы қауынның салмағы шамамен 17 келі тартады. Оның бағасы да өнімнің түріне қарай әр түрлі. Диқандардың айтуныша, қауынның келісі елімізде 100 теңге мен 150 теңге аралығында сатылса, Ресей мен Еуропада 1 еуродан саудаланады. Табысы мол болған соң, ауыл тұрғындарының да қызығушылығы артқан.

Рахымжан Әнуарбек, Достық ауылының әкімі:   
Бұл бақша өнімдерінің бағасы былтырдан бері жақсы болып жатыр. Сұраныс көп. Біздің еккен қауын-қарбыздарымыз алды Ресей Федерациясы, ТМД елдері, Балтық елдеріне және Еуропаның бірнеше елдеріне жөнелтілуде.

Соңғы жылдары бақша өнімдерін өсіруге мемлекет тарапынан тыңайтқыштар мен дәрі -дәрмектер берілуде. Бұл шаруаның шығынын шамалы болсын азайтады дейді мамандар. Оның үстіне аудандағы мақталық алқаптардың көлемі қысқартылып, оған да қауын-қарбыз бен көкөніс түрлері егіле бастаған.

Абылай Мақанов, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
Экспортқа шығарылған дақылымыз 44 мың тоннадан астам осы тоғыз айдың қортындысы бойынша. Ал, былтыр жыл бойы 39 мың тонна экспортталған болатын дақылдар. Кімге қай кезде қай жерден ауылшаруашылығы дақылдарына сұраныс бар, бағасы туралы мәліметтер күнделікті чатқа хабарласып тұрады.

Жалпы елімізде Шардара мен Мақтаарал, Жетісай аудандарында пісіп жетілген қауын-қарбыздар ерекше бағаланады. Сондықтан болар дәмі тіл үйіретін өнімнің бұл түріне ТМД елдерінен тапсырыс үзілмейді. Қазірдің өзінде қауын тиеген жүк көліктері күнбе-күн Ресей мен Еуропа елдеріне тоқтаусыз жөнелтілуде.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу