Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ғалым, «QazVac» отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі Күнсұлу Закарья «Qazaqstan» телеарнасының «Әйел әлемі» жаңа жобасына сұхбат берді.
«QazVac» отандық вакцинасы әірленген Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты - Қазақстанда және Орта Азияда салынған ең алғашқы лаборатория. Күнсұлу Закарья бағдарламада отандық вакцинаны жасап шығаруда кездескен кедергілер мен қиындықтар туралы, жобаны Мемлекет басшысының алдында қорғап, содан кейін барып 1, 5 айдың ішінде қолданысқа енгізілгені туралы әңгімеледі. Қазір қазақстандық вакцинаға 12 мемлекет өтініш беріп, ресми хат жолдаған. Күнделікті жұмыс күнін Әнұранмен бастайтын ғалым институттың алдағы атқарылар жоспарларымын бөлісті.
«Әйел әлемі» бағдарламасына сұхбат беретін кейіпкерлер қатарында Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ж.Темірбекова, Мәжіліс депутаты Л.Рамазанова, опера әншісі, Шымкент қалалық Опера және балет театрының басшысы М.Мұхамедқызы, Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры тарихшы Ш.Құрманбаева, ақын, ғалым А.Әбдірасылқызы бар.
Жоба мақсаты - мемлекеттің дамуына, халықтың рухани кемелденуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген қыз-келіншектердің жетістікке жету жолындағы қиындықтары, жеке өмірі мен көпшілікке беймәлім ішкі сырларымен бөлісу. Хабарды журналист Айнұр Омар жүргізеді.
«Әйел әлемі» бағдарламасы «Qazaqstan» телеарнасынан бүгіннен бастап әр жексенбі 17:25-те эфирге шығады.