Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті

12.09.2021

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза болғандар 17 адамға жетті. Кеше 11 қыркүйекте Төтенше жағдай министрлігі жарылыстан жарақаттанып, ауруханаға түскен бір өрт сөндірушінің көз жұмғанын хабарлады.1993 жылы туған Жәнібек Тұрманов Нұр-Сұлтан қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ауруханасына жеткізілген екен.

Сөйтіп Жамбыл облысындағы жарылыстан опат болған 17 адамның 10-ы – азаматтық қорғаныс, алтауы – қорғаныс министрлігі, біреуі – әскери прокуратура қызметкері. Тағы бір адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөліміндегі қоймадағы оқ-дәрілер жарылып, алапат өрт болғаны мәлім. Әскери қоймаға жақын маңдағы ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық нысан, үш мектеп бүлінген. Әкімдік үйлерді екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде беріп отыр. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен кетті, оқиғадан кейін ол жарылысқа қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, не болмаса химиялық реакциямен өздігінен тұтануы, немесе диверсия себеп болуы мүмкін деген болжамдар айтқан еді.


Хабарламаларға жазылу