Жатақханаға мұқтаж студенттердің басым көбіне орын жетпейді. Бір қаладан екінші қалаға барып оқитындар бар, бірақ басым көбі - ауыл балалары. Ауылда тұратындардың табысы белгілі – орта дәулетті адам аз.
Өткенде студент көп Алматыда орталықтағы пәтер жалдау құнының жарты миллионнан асып кеткенін айттық. Бірнеше бала болып жалдағанның өзінде үлкен ақша. Осы аптада Мәжіліс депутаттары үкіметке сауал арнаған, сонда тұңғыш президенттің 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жатақханалар салуды тапсырғаны айтылды.
«Бұл саботаж ғой, үлгере ме, үлгермей ме?» деп столды ұрғыламады. Үлгермейтінін, тіпті жатақхана тапшылығы проблемасының қордаланып бара жатқанын бәріміз біліп отырмыз.
Жатақхана мәселесі шешілмеген студенттің білім деңгейіне байланысты сауал қою – міне, мысқылдайтын жер. Амангелді Сейітханның материалы.
Жатақхана таппай жүр, талай қазақ баласы. Алаңдап жүр көз ілмей, ауылда ата-анасы... Жатақхана жетпейтінін университет басшылары да біледі. Бірақ, мәселе неге шешілмейді?
Айналып келгенде тағы да студенттер сенделеді. Бірі туысқанын паналайды, бірі пәтер жағалайды, бірі хостел аралайды. Екі апта бойы оқу орнының алдын торыған Диастың да жатақханадан үміті үзілген.
Диас Аймурзин, студент:Әлі іздеп жүрміз. Үй таба алмай жатырмыз әлі. Өте қиын. Өйткені, біріншіден оқуға төлеу керек, сосын біз киім не алдық қой, ол да көп ақша қажет. Сосын жолға табу керек.
Оның қазір оқуды ойлауға уақыты да жоқ. Жылда жыр болатын жатақхана мәселесі биыл, тіпті, қиындап кетті. Себебі, студенттерге онсызда орын жетпей жатқанда санитар-дәрігерлер бөлменің 50 пайызын ғана толтыру туралы шешім шығарған.
Ақбота Оралханова ,студент:Негізі 4 адамдық бөлме, бірақ карантин талаптарына сай бұл бөлмеде екі адамнан тұрамыз. Себебі, қазір 1 адамға алты квадрат метрден ғана бөлінген ғой. Сол себепті екі қыз ғана тұрамыз.
Бұл індетке байланысты мәжбүрлі шара екені түсінікті. Бірақ, мына қызыққа қараңыз. Жатақханадан орын тимеген сол жастар жабылып бір пәтерді жалға алады. Өйткені, баға аспандап кеткен. Тіпті, бір бөлменің өзі айына 150-200 мың теңге. Сондықтан, қосылмасқа болмайды. Ал оларға санитарлық талап туралы айту күлкілі.
Зинеддин Ахметов, студент:5 бала бір квартирада, 4 баладан жиналып жатырмыз барлығымыз. Негізінен, 150 мыңнан жоғары болады. Негізінде басқаларында 200-ден жоғары. Олар 6 баладан жиналып жатыр.
Жатақханадағы орын тапшылығына тағы бір себеп мынау.
Аманкелді Сейтхан, тілші:Қазіргі эпидахуалға байланысты әрбір жатақханада ауырып қалған студенттерді оқшаулайтын медициналық бөлмелер де болуы міндетті. Мәселен, ЕНУ-дағы 9 жатақханада шамамен 100-ге жуық бөлме қазір осындай изоляторларға айналған.
Яғни, жылда студенттерге берілетін 200-дей орын бос тұр. Дегенмен, Университет басшылығы оның орнын толтыру үшін басқа жолдарды қарастырып жатырмыз,-дейді.
Мерей Шәменов, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Студенттер үйі» дирекциясының директоры:Жалпы бізде ЕНУ-да өзіне тиесілі 7 жатақхана бар. Және 8-шісін біз жаңағы Мәскеу университетінен жалға алып отырмыз.
Жатақхана бағасына қостанайлық студенттер наразы. Олар 80 мың теңге төлейді. Бірақ, сапа сын көтермейді. Өйткені, ғимараттың қабырғалары жарылып, едендері шіріп тұр. Есіктері де дұрыс жабылмайды. Ал, мұндағы жиһаздар ескі киноларды еске түсіреді.
Мадина Елтабар, студент:Мұндай шкафтарды мен алғашқы рет көрдім жатақханаға келген кезде. Басында келген кезде таң қалған болатынмын.
Нұрлан Мамин,А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры:Бұл жатақхана 1986 жылы берілген болатын. Содан бері ол жатақханада күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бүгінгі күнде ол жатақханада 400 бала тұруға арналған. Күрделі жөндеуге мұқтаж. Университет басшылығы бұл мәселені біледі, ол жөнінде жұмыс істеп жатырмыз.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік Университетінде 7 мыңдай студент бар. Оларға үш жатақханада 1000-нан астам ғана орын қарастырылған. Жалпы, жатақханаға мұқтаждық барлық университетте кездеседі. КЕСТЕ: Мәселен, қазір елімізде 1 миллионнан астам студент болса, оның 16 пайызы ғана, яғни 174 мыңы жатақханамен қамтылған. 80 мың студент қонар жер таппай, сандалып жүр. Осы мәселені шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырған. Одан бері де 3 жыл өтті. Қазіргі нәтиже қандай?
Мәди Ахметов,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Оған арнайы ақша да бөлінді. Үкіметтен жоспарланған қарджы мына бағдарлама іске асқан кезде 118 млрдқа жуық қаржы қарастырылды. Оның негізгі операторы «Қаржы орталығы» БҒМ-ға қарасты. Бірақ, осы енді бағдарламаның аяқталуына бір жылдай ғана уақыт қалды. Сол уақыттың аралығында толық бағдарламаның былайша айтқан кезде 30 пайызға жуығы ғана орындалды. «Қаржы орталығының» ұсынып отырған бағдарламасы тиімсіз. Яғни, инвестор келіп өз ақшасын салатын болса ол 8 жылдан кейін ғана сол салған ақшасын қайтарып алуына мүмкіндік алады.
Түйткіл де осыдан туындап отыр,- дейді депутат. Бірақ, білім және ғылым министрлігі оның сынын жоққа шығарып, жұмыс жоспарға сай орындалып жатыр деп айтты.
Бану Нарбекова, ҚР БҒМ жоғары және жоғару оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары:Бұл 75 мың орынның мысалға бүгінгі таңда жартысынан көп орынға сыйымдылығы бар жатақханалар салынды. 2018-ші жылдан бастап 38 жатақхана салынса, осы 2021 жылдың аяғына дейін 27 жатақхана салынады. Және осы 1-ші қыркүйекте 6 жатақхана берілді. Көбінесе, инвестиция арқылы салынады. Мысалы соңғы кезде 5-6 университет инвестиция тарту арқылы өздерінің жатақханаларын салды.
Министрлік өкілінің сөзінше жыл сайын жоғары оқу орнына түсетін жастар көбейіп келе жатыр. Демек, қажеттілік те өсе бермек.
Аманкелді Сейтхан, тілші:Жатақхана жыры - студенттердің жылдағы мұңы. Мәселені жыл сайын ата-ана да, қоғам белсендісі де, тіпті, депутат та көтереді. Бірақ, шешілер емес. Ал, осыған қатысты Елбасының тапсырмасы айтылған мерзімде толық орындала ма? Оны бір жылдан соң білеміз.
Аманкелді Сейтхан