Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап Маңғыстау облысының тумасы Бейнеу- Нұр Сұлтан бағытында велосипедпен жолға шықты. Велошабандоз Рәббім Борашев Шалқардан Торғайға дейін жолсыз шөлейтті даланы кесіп өтті. Велосаяхатшы өзі жанай жүрген Жезқазған-Бейнеу теміржолының құрылысы Тәуелсіздік жемісі деп есептейді. Соның арқасында Маңғыстаудан Алматыға пойызбен жол бір күнге қысқарды. Ал Ырғыз-Торғай күре жолының сапасы сын көтермейді. Саяхатшы осыған да биліктің назарын аударуды көздейді. Дәл қазір велошабандоз Торғайдан шығып Аманкелді ауданына бет алды. Одан әрі Державин – Есіл - Жалтыр елдімекендерін басып өтіп, Нұр-Сұлтанға ат басын тіремек.