Қазақ-өзбек шекарасында жүк көліктері қаңтарылып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-өзбек шекарасында жүк көліктері қаңтарылып тұр

13.09.2021

Қазақ-өзбек шекарасының шебінде 4-5 күннен бері қаңтарылып тұрған жүк көліктерінің қатары әлі сейілген жоқ. Өйткені Қазақстан жағы кедендік құнға бақылау жүргізуді қатаңдатып жіберген. Салдарынан кәсіпкерлер көрші елден экспорттаған көкөніс пен жеміс жидегін ел аумағына өткізе алмай қиналуда.

Нұржанның жеміс-жидек тиелген екі көлігінің кеден бекетінде тұрғанына бүгін бесінші күн. Кіріс департаменті қызметкерлері тауар бағасын растайтын құжаттарды талап етіп жібермей тұр. Егер ол болмаған жағдайда депозитке қомақты қаржы құюы керек. Алыс жолға ақшасын шақтап алып шыққан кәсіпкер енді не істерін білмей дал

Нұржан Нұржұманов, кәсіпкер:
Маған депозитке ақша құй деп жатыр. Мен ақша құя алмаймын. Кішкентай ғана ИП бізде. Өзбекстанға кері қайтарым жіберем реэкспорт қалып. Басқа амалым жоқ.

Бірнеше жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан кәсіпкерлер бұған дейін әр көліктегі тауардың кедендік құны үшін 200 мың теңге төлейтін. Енді тәртіп өзгерді. Кедендік алым тауардың базардағы бағасымен өлшенеді. Яғни әр килограмы үшін 1 доллар 20 центке артып отыр.

Нұрболат Арапбаев, кәсіпкер:
Менің сұранатыным, менде ценевой информация жоқ қой. Осылай өткізсін. Кейін тексерсін. Сол кезде шынымен бағаны әдейі төмендетіп әкелсем қосымша ақша төлеуге дайынмын.

Бүгінде Еуразиялық Одаққа мүше мемлекеттерден экспортталып жатқан тауарлардың құны мен базар бағасы арасындағы айырма тым үлкен. Кіріс департаменті қызметкерлерінің арнайы тексеріс жүргізіп, ережеге өзгеріс енгізуіне осы жағдай түрткі болған.

Серік Мәліков, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы: 
Мәлімдеген кедендік құнды дәлелдеу үшін праис лист, ақша аударымдары, экспорттық декларация т.с.с құжаттар болады. Сол бойынша тексеріледі.

Шетелден тауар экспорттайтын кәсіпкерлерге екі жол ғана қалып тұр. Оның бірі депозитке қосымша қаржы құйып, тауарын діттеген жеріне дереу жеткізіп алу. Сөйтіп салыққа төлеген ақшасының айырмасын кейін қайтарып алуға болады. Екіншісі, тауар бағасын растайтын бірнеше құжатты бір ай ішінде рәсімдеп әкелу. Бірақ оның тиімсіз тұсы, тауарын шекарадан ұзатып әкете алмайды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу