Ресейдің Астрахань облысынан Ақтау қаласына туристік лайнер қатынайтын болады. Қазір кеме құрастырылып жатыр. Астраханьға арнайы барған қазақстандық делегация осы жолы мәдени-гуманитарлық, экономикалық байланыстарды нығайту жолдарын талқылады.
Ақтау қаласының туристік әлеуеті шекааралас елдердің қызығушылығын арттырып отыр. Астрахань облысы Каспий теңізі арқылы Ақтау портына жол ашып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты арттырмақ. Болашақта екі ел арасына туристік лайнер қатынайды.
Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
Жақында үлкен туристік лайнердің құрылысы аяқталады. Біз үшін Ақтау портына кіре отырып, Каспий теңізі бойынша круиздік рейстерді ұйымдастыру маңызды бағыт болып табылады. Ақтау бойында туризмді дамыта аламыз, сонымен қатар, қазақстандықтар Каспий бойында орналасқан елдерге баруға мүмкіндік алады.
Өңірдегі ең ірі қазақ диаспорасы осы Астраханьда. Сондықтан облыста бас консулдықтың ашылуын мұндағылар көптен күткен. Жалпы Ресейдің төрт өңірінде ғана Қазақстанның бас консулдығы бар.
Индира Бегайдар, тілші:
Қазақстан Астрахань облысының ең ірі 10 сауда серіктесінің бірі. Мұнда 150 мыңнан астам қазақ тұрады. Консулдыққа бас консулдық дәрежесінің берілуі алыс-берістің артуына сеп болады.
Пандемияға қарамастан, Астрахань облысы арасындағы тауар айналымы бірінші жарты жылдықта 8,2 миллион АҚШ долларына жетті. Облыста қазақстандық капиталдың қатысуымен 34 кәсіпорын тіркелген. Экономикалық көрсеткіштер ғана емес, Астраханьмен әлеуметтік ынтымақтастықтың да іргесі бекем. 2005 жылдан бастап Володар ауданының Алтынжар ауылында Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталық жұмыс істейді. Астрахань облысының жоғары және орта оқу орындарында 1,5 мыңға жуық қазақстандық білім алуда. Енді бірқатар жоғары оқу орындарында қазақ тілі оқытылмақ.
Константин Маркелов, Астрахань мемлекеттік университетінің ректоры:
Қазір қазақ тілін жақсы білетін оқытушыны іздестіріп жатырмыз. Ол мұғалім тілді өте жоғары деңгейде, жетік білуі тиіс. Бұл біз үшін өте маңызды. Сонымен қатар қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін ұмытпас үшін дәрістер ұйымдастырмақпыз.
Алдағы күзде Көкшетау қаласында өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді деп жоспарланған. Қазақстандық делегация сол алқалы жиында талқыланатын мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.
Индира Бегайдар