Арал теңізінің құрғап қалған 1,1 млн гектар аумағына сексеуіл егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арал теңізінің құрғап қалған 1,1 млн гектар аумағына сексеуіл егіледі

20.09.2021

Арал теңізінің құрғаған ұлтаны жасыл желекке айналып келеді. Осыдан 30 жыл бұрын экологиялық апат аумағына егілген сексеуіл өсімдігі бүгінде бой көтеріп, 200 мың гектардай сор басқан далада тіршілік пайда болды.

Шөлді жерде өскен сексеуіл көшеттері қазір адамның бойымен бірдей. Тіпті, мұнда жабайы аң-құс мекен етіп, жануарлар дүниесі де жанданды. Мамандар ұзақ жылдар бойы күткен экожоба оң нәтижесін берді дейді. Себебі теңіз табанынан ұшатын тұзды шаңның басылғаны едәуір байқалады. Мәселен, бір түп сексеуіл 3 тоннаға дейін құм көшкінін тоқтатады. Сондықтан, бұл өсімдіктің экологияны оңалтуға тигізетін септігі мол. Жергілікті орманшылардың атқарған жұмысын Өзбекстаннан келген делегация көріп, өзара тәжірибе алмасты.

Бауыржан Шәменов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Президент тапсырмасына сәйкес алдағы 5 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар орман отырғызу жоспарланып отыр. Осы алдағы 5 жылда осы жұмыстар жүргізілсе Өзбекстан мен Қазақстан орман отырғызу жұмыстарында шекарада кездеседі деген жоспарымыз бар. 


Хабарламаларға жазылу