Франция астанасы көліксіз күнді атап өтті. Осының арқасында Париж тұрғындары мен қонақтары Елисей жазығында еркін серуендеп, Триумфалдық арка тәрізді көрнекті жерлерді жақыннан тамашалады.
Автокөліксіз күн - социалист мэр Анна Идальгоның бастамасы. Келер жылы президенттік сайлауға қатысатын Париж басшысы көлік қозғалысын шектеу арқылы ауаның ластануын тежеуді көздейді. Ал, бұған дейін Идальго қаланың бірқатар жолдарында жылдамдықты сағатына 50 шақырымнан 30 шақырымға дейін азайтып, Сена өзені бойындағы жолдарды жаяу жүргіншілерге арнаған еді. Дегенмен, көлік қозғалысын шектеу саясаты Париж сыртында тұратын француздардың көңілінен шықпай отыр. Олардың пікірінше, бұндай шектеулер париждіктер үшін ғана тиімді, ал қашықта тұратындарға қолайсыз екен.
Арай Төлегенқызы