Екібастұзда кәсіпкерлер жылу ақысын төлей алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда кәсіпкерлер жылу ақысын төлей алмай отыр

20.09.2021

Екібастұзда жылу ақысын төлей алмаған бизнес иелері кәсіптерін тоқтатуға мәжбүр. Себебі, кеншілер қаласында көмір өндірілсе де еліміз бойынша жылудың ең қымбат тарифі осы Екібастұзда. Заңды тұлғалар үшін 14 462 теңге 96 тиын. Бұл көрші Павлодар, тіпті, Нұр-Сұлтан мен Алматыға қарағанда үш есе көп. Тариф неге қымбат? Өңірдегі тілшіміз Болат Аманбаев мәселені анықтады.

Қазіргі тарифке кеншілер қаласындағы шағын және орта бизнес өкілдері тегіс наразы. Әйгерім Шметова бір бөлмелі пәтерді дүкен қылып ұстап отыр. Үш адамды жұмыспен қамтып отырған ол енді біреуін ғана қалдырды.
 Әйгерім Шметова,  кәсіпкер:
Бұған дейін біз 35 мың теңге төлегенбіз осы 36 шаршы метрге. Енді бізге шілде айынан бастап 7 пайыз көтерді. Сол үшін мен бір сатушы ғана ұстаймын. Бүгін 1 сатушы тұрса, келесі күні мен шығамын. Өйткені, дүкен жабылып қалуы мүмкін осындай тариф бола берсе.
Елімізге қажетті көмірдің 40 пайыздан астамы, электр қуатының 50 пайызға жуығы осында өндіріледі. Сөйте тұра жылу тарифінің күрт көтерілгеніне кәсіпкерлер аң-таң.

Соңғы 5 жылда Екібастұзда 4 әкім ауысты. Тариф те мың құбылды. Әлсін-әлсін бағаның өсуі кәсіпкерлерді де титықтатып жіберді.
 Ардақ Қаңтарбаев,     Екібастұз қаласының әкімі:
Дәу қазандық біздегі. Негізі жылу-электр орталықтары бу, жылу және қуат өндіреді ғой. Артығын сатып пайда көреді. Ал, біздің қалада ондай мүмкіндік жоқ. Кәсіпорын 12 Мегаватт өндіреді, ал, оған жұмсалатын қуат көлемі 19 мегаватт. Шығынды жабу үшін тарифті көтеруге мәжбүр.
Кәсіпкерлердің тағы бір шағымы монополист жылуесептегіштерін орнатуға мәжбүрлейді. Бірақ соған қарамастан қызмет ақысын нақты тұтыну мөлшеріне қарап емес, жалпы тариф бойынша төлеткізеді.
Ибрагим Тангиев, монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
Тариф қызмет көрсету көлеміне қарап белгіленеді. Біз кәсіпкерлердің шағымы бойынша бұл мәселені қайта қараймыз.
Үш ай бұрын ғана бекіген тариф алдағы екі аптада қайта есептелетін болды. Айтуларынша, баға арзандауы мүмкін.
Болат Аманбаев, тілші:
Дәл осы уақытта монополист компания өздерінің қысқы маусымға дайындықтары жөнінде есеп беріп үлгеретін. Биыл үнсіз. Себебі, облыс орталығында әлі күнге дейін жылу трассалары ауыстырылып жатыр. Тіпті, жақында аймаққа келген үкімет мүшелері жылумен қамту мәселелеріне қатысты Республикалық деңгейде жұмыс тобын құру керектігін тапсырды.
Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу